Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік осал топтар өкілдеріне арналған қызметтерді монетизациялау қажет. Бұл бастаманы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Үкімет сағатында көтерді. Жиын «Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындаудың жаңа тәсілдері» тақырыбына арналды.
Депутаттың айтуынша, Үкімет әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөледі. Алайда, өкінішке қарай, бұл қаражат көбіне нақты мұқтаж жандарға жетпейді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көзделген мақсаттар орындалмайды, ал бөлінген қаражатқа сатып алынған тауарлар мен қызметтердің сапасы сын көтермейді.
– Меніңше, барлық әлеуметтік қызметтер Үкімет атынан көрсетілуі керек. Олар белгілі бір министрліктің құзырында болмауы тиіс, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Оның пікірінше, қаражатты бақылау жүйесін де түбегейлі өзгерту қажет.
– Мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік осал топтарға бөлінетін барлық қаражатты монетизациялауымыз керек. Сонда ғана цифрландыру дәуірінде бұл қаржы қайда, қалай жұмсалып жатқанын анық әрі ашық көруге болады, – деді ол.
Сонымен қатар, К.Сейтжан Жоғары аудиторлық палатаға осы санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды бағалау индикаторларын қайта қарап, оларды нақты нәтиже мен тиімділікке бағыттау қажет екенін ұсынды.