ҚР Орталық сайлау комиссиясы барша қазақстандыққа алдағы атом электр стансасын салу жөніндегі референдумға арналған referendum2024.gov.kz сайтына сілтемесі бар SMS-хабарлама жіберуде. Сол сілтеме арқылы сайлаушы өзінің қай сайлау учаскесінде тіркелгенін біле алады.
Қажетті ақпаратты алу үшін пайдаланушы өзінің тұрғылықты жері мен ЖСН-ін көрсетуі қажет. Сонымен қатар, ОСК тұрғындарға тиісті округі бойынша сайлау учаскесінің мекен жайы жазылған шақыру қағазын да таратады.
Жалпыхалықтық референдумға бір аптадан астам уақыт қалды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2024 жылдың 6 қазанына белгіленген болатын. Бюллетеньде бір сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».
Қазақстан Халық партиясы атом электр станциясын салу идеясын қолдайды. Партия өз позициясын ашық жариялап, қазақстандықтарға арнайы үндеу де жасады.
«...Біз келешек ұрпаққа энергетикалық егемендік пен тәуелсіздікке кепілдік беріп, оларды жылумен және жарықпен қамтамасыз ете отырып, лайықты мұра қалдыруға тиіспіз! Қазақстанға атом электр станциясы қажет!»