Фото ҚР ОСМ алынды
АЭС құрылысы бойынша өтетін референдумға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы ретте Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы өзiнiң жергiлiктi жерлердегi бөлiмшелерiнiң жұмысын тексередi. Жақында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров тексеру мақсатында облыстар мен Астанадағы бірнеше сайлау учаскелерін аралады.
Сонымен қатар, ол аумақтық комитеттер төрағаларының, әкімдік қызметкерлерінің, құқық қорғау органдары басшыларының және т.б. қатысуымен кеңестер өткізіп, республиканың іс-шараны өткізу дайындығын талқылады.
Орталық сайлау комиссиясының басшысы қарамағындағылардың атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдап, жиынға қатысушыларға заңнамалық жаңалықтарды түсіндіріп, сайлау заңнамасының нормаларын мүлтіксіз сақтаудың маңызына тоқталды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен сайлаушылар тізімі жөнінде, сондай-ақ референдумды ұйымдастырушылық, ақпараттық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы баяндады. Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб ОСК-ны сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімдігін қамтамасыз ету және мүгедектердің дауыс беру құқығын жүзеге асыру туралы хабардар етті.
Фото ҚР ОСМ алынды
«Аудандарды электр қуатымен және интернетпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдарға ерекше назар аудару қажет. Ал ішкі істер органдары – дауыс беру күні сайлау учаскелері мен іргелес аумақтардағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі тиіс, - деді Нұрлан Әбдіров.
Фото ҚР ОСМ алынды
Жалпыхалықтық референдумға бір аптадан аз уақыт қалды. Ол 2024 жылдың 6 қазанына белгіленген болатын. Бюллетеньде бір сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».
Қазақстан Халық партиясы атом электр станциясын салу идеясын қолдайды. Партия өз позициясын ашық жариялап, қазақстандықтарға арнайы үндеу де жасады.
«...Біз келешек ұрпаққа энергетикалық егемендік пен тәуелсіздікке кепілдік беріп, оларды жылумен және жарықпен қамтамасыз ете отырып, лайықты мұра қалдыруға тиіспіз! Қазақстанға атом электр станциясы қажет!»