tengrinews.kz/Midjourney нейрондық желісі арқылы жасалған сурет
Қазақстандағы атом электр станцияларына қатысты референдумды әлемнің 30 елінің 177 өкілі мен 200 шетелдік журналист бақылайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
ОСК отырысында комиссия өкілі Мұхтар Ерман атап өткендей, 4 халықаралық бірлестік өз бақылаушыларын жібереді: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымы және Азиядағы сенім шаралары кеңесі (АӨСШК). Шараға 14 елдің ОСК мүшелері де қатысады. Бұл тізімде Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және т.б. бар. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров еліміздегі референдумға келуге мүмкіндік алған әріптестеріне алғыс білдірді.
«Халықаралық байқаушылардың қатысуы науқанның ашықтығына, сондай-ақ мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына ықпал етеді», - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясы өкілдері.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров шетелде жүрген жерлестеріміз де дауыс бере алатынын айтты. Осы мақсатта 61 елде 76 сайлау учаскесі ашылады. Тізім тағы да толығуы мүмкін.
«Біз әріптестерімізден Ливанда сайлау учаскесі ашылмайтыны туралы ақпарат алдық. Себебі, онда ауқымды соғыс қимылдары жүріп жатыр. Ол жердегі жағдай өте қиын және біз, әрине, азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз», - деп атап өтті ол.
Атом электр станцияларын салу бойынша жалпыхалықтық референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтеді. Бюллетеньде бір сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».
Қазақстан Халық партиясы атом электр станциясын салу идеясын қолдайды. Партия өз позициясын ашық жариялап, қазақстандықтарға арнайы үндеу де жасады.
«...Бізге мұра болып қалған еліміздің энергетикалық ресурсы қазіргі таңда физикалық тұрғыдан сарқылып келеді. Осы ретте мынадай маңызды сұрақтар туындайды: Біз өскелең ұрпаққа нені мұра етіп қалдырамыз?», - делінген үндеуде.