Еліміздің әр аймағында атом электр станциясын салу қажеттігін халыққа түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. «Есіктен есікке» акциясы – халықты ақпараттандырудың кең ауқымда бұқараға жете алатын түрлерінің бірі.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшесі Берік Шайнұров туған жері – Қызылорда қаласының тұрғындары АЭС туралы қажетті ақпарат алып, олардың референдумға қатысуына күш салуда.
Осы ретте ол қала орталығында орналасқан бірқатар сауда орынының қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық парақшалар таратып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
– Елге бейбіт атом энергиясы қажет! Біз болашаққа бей-жай қарамай, парасатты түрде шешім қабылдауымыз керек. Атом электр станциясы – елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық қуатының қайнар көзі, - деді Берік Шайнұров.
Диалог соңында спикер азаматтарды өз таңдауын жасау үшін 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға міндетті түрде қатысуға шақырды.