
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Парламентті бірпалаталы жүйеге көшіру және оны пропорционалды негізде жасақтау елімізде жаңа сападағы саяси-идеялық пікірталастарға жол ашады.
Оның пікірінше, бұл бастама саяси партияларды халықпен жаңа форматта жұмыс істеуге, әлеуетті жақтастармен ашық диалог орнатуға, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени сұраныстарын тереңірек ескеруге итермелейді.
– Қазақстан Халық партиясы біраз уақыттан бері белсенді әрі ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтарды өз қатарына, басқарушы буынға тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олар ел ішіндегі өзекті мәселелер бойынша ұсыныс айтып, партияның ұстанымын қалыптастыруға үлес қосуда. Бұл партияның шынайы халықтық күшке айналуына мүмкіндік береді. Өзім де түрлі саладағы белсенді азаматтармен жеке кездесіп, партияға қосылуға шақырып жүрмін. Әзірге бас тартқан ешкім жоқ, – деді депутат.
Магеррамовтың сөзінше, соңғы жылдары қазақстандықтардың әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерге деген түсінігі едәуір артқан.
– Бұл, ең алдымен, азаматтарды ел ісіне тікелей араластыруға бағытталған саяси реформалардың арқасында мүмкін болды. Иә, біз әлі де демократияны, ашық пікір алмасуды үйреніп келеміз. Бір-бірімізге шындықты айтуға, қарсы пікірге құрметпен қарауға дағдыланудамыз. Бұл – үлкен жетістік, – деді ол.
Пропорционалды сайлау жүйесі саяси партиялардың мемлекеттік шешімдерге әсерін күшейтеді. Дегенмен, бірпалаталы парламентке көшуді түбегейлі мақұлдау – халықтың құзырындағы мәселе екенін депутат ерекше атап өтті.
– Президент қай кезде де ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер жалпыхалықтық консенсуспен қабылдануы керек екенін айтып келеді. Сондықтан алдағы бір жылда қоғам бұл ұсынысты жан-жақты талқылайды. Соңғы сөз – халықта. Референдум арқылы шешіледі, – деді Магеррам Магеррамов.
@halyk_partiyasy