Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды
Келісімге 2021 жылғы 6 желтоқсанда Астанада қол қойылған.
Келісімнің мақсаты – Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр энергиясын беру желілері арқылы өткізілетін энергия ресурстарын бақылаудың тиімділігін арттыру. Құжатта екі ел кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізілетін энергия ресурстарына бірлескен кедендік бақылауды ұйымдастыру ескерілген. Сонымен қатар энергия ресурстарын кедендік декларациялау және кедендік бақылау мәселелеріндегі тәжірибесі туралы, мемлекеттердің кеден істер саласындағы ұлттық заңнамасы талаптарын бұзу деректері жайында ақпарат алмасу қарастырылған.
– Келісім нормаларын іске асыру Қазақстан-Өзбекстан шекарасы арқылы құбыр көлігімен және электр беру желісі арқылы өткізілетін энергия ресурстарын бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова.
Мәжіліс ратификациялаған құжат Сенатқа жолданды.