
Қазақстан Халық партиясы сіздерді кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығымен және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толуымен шын жүректен құттықтайды!
Жұмысшылардың құқығын қорғау – халқымыздың тарихи даму жолындағы маңызды кезеңдердің бірі. Бұл қозғалыстың бастауы еліміздегі тау-кен және металлургия салаларының қалыптасуымен тығыз байланысты. Сол кезеңдерде кеншілер ерекше белсенділік танытты. Мәселен, 1905 жылы Қарағанды облысындағы Успен мыс кенішінде Қазақстандағы алғашқы кәсіподақтардың бірі құрылды. Ал арада 85 жыл өткенде, Тәуелсіз Қазақстанда бұл бастаманы Кәсіподақтар федерациясы лайықты түрде жалғастырды.
Қазір де кәсіподақтар қоғам өмірінде маңызды рөл атқарып келеді. Олар – азаматтық белсенділіктің тірегі. Сондай-ақ еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстың алдыңғы шебінде жүр. Кәсіподақ белсенділерінің табанды еңбегі зор құрметке лайық – бұл қарапайым еңбек адамдарының игілігі үшін атқарылып жатқан қажырлы қызмет.
Қазақстан Халық партиясы да бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, партияның Мәжілістегі фракциясының мүшесі Асылбек Нұралин – көп жыл бойы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіподақ комитетін және республикалық «Казпрофметалл» тау-кен-металлургия саласы қызметкерлері кәсіподағын басқарған тәжірибелі маман. Бүгінде партия депутаттары Еңбек кодексі мен оған қатысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бағытында нақты ұсыныстар әзірлеп жатыр. Партияның берік ұстанымы – кәсіподақтардың жұмыс берушілерден тәуелсіз болуы. Тек осы жол арқылы біз әділеттілікті орнатып, еңбек адамының құқығын шынайы қорғай аламыз. Бұл бастама Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында да айқын көрсетілген.
Осы айтулы күні барлық кәсіподақ белсенділеріне зор денсаулық, сарқылмас жігер мен мол табыс тілейміз. Кәсіподақтар арасындағы ынтымақ пен бірлік арта берсін, ал еңбек адамын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі болсын!
@halyk_partiyasy