Елдегі білім сапасы неге құлдырап барады?

dep.jpg

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазақстандық мұғалімдердің біліктілігін арттыру шараларына қатысты мәслені қайта көтермек. Оның айтуынша, ата-аналардың шағымдары мен ҚР Оқу-ағарту министрлігіне жолданған өтініштерге қарамастан, елдегі жағдай өзгермей отыр. Білім сапасы күрт төмендеп барады. Бұған халықаралық және ұлттық зерттеулердің нәтижелері дәлел.

ҚХП фракциясы бұл мәселе бойынша Үкіметке бұған дейін де бірнеше депутаттық сауал жолдаған. Депутаттар сарапшылардың сөзіне сүйене отырып, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын қайта қарау қажет екенін айтқан.

– Соның ішінде ерекше алаңдатып отырғаны – соңғы 10 жыл бойы мұғалімдердің біліктілігін арттыруды мемлекеттік қаржы есебінен монополиялық түрде жүзеге асырып келе жатқан «Өрлеу» ұлттық орталығының тиімділігінің төмендігі, – деген еді сол кезде Ирина Смирнова.

Тек соңғы үш жылда «Өрлеуге» 23 млрд теңге бөлінген. Қаржы игеріліп жатыр, ал білім сапасы керісінше құлдырап барады.

– «Өрлеудің» жұмысын бағалайтын нақты тиімділік өлшемі мүлде жоқ. Қазір орталықтың қызметін «Өрлеудің» өзі ғана бағалап отыр, – деді депутат.

ҚХП фракциясы АҚ-ның соңғы 10 жылдағы жұмысына тәуелсіз баға беруді және біліктілікті арттыру курстарын бәсекелестік ортаға шығаруды, ваучерлік жүйе енгізуді, мұғалімдерге өздері қалаған оқу орталығын таңдауға мүмкіндік беруді ұсынған еді.

Алайда Үкімет жауабы тағы да бұлыңғыр болды. Олар елде мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналысатын 90-нан астам жеке провайдер бар екенін алға тартты.

– Олардың басым бөлігі курстарды тек онлайн форматта өткізеді, бұл практикалық педагогикалық дағдыларды сапалы қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Халықаралық тәжірибеде ваучерлік жүйе көбінесе белгілі бір әлеуметтік топтарға бағытталады, ал барлық педагогқа арналған әмбебап тетік ретінде қолданылмайды, – делінген жауапта.

Тағы бір уәж – мұғалімдерге арналған ваучерлік жүйені енгізу (жылына 200 мыңнан астам педагог) үшін жыл сайын қосымша 7 млрд теңгеден астам қаржы қажет болатыны болды.

Бірақ Үкіметтің түсіндірмелері мен уәделеріне қарамастан, бұл салада айтарлықтай алға жылжу байқалмайды. Мәжіліс депутаты мәселені қайта көтермек.

– Алты ай бұрын сауал жолдадық, бірақ еш өзгеріс жоқ. Бюджет ақшасы нәтижесіз, жауапкершіліксіз жұмсалып жатыр, – деді Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy