Парламенттік реформа бойынша жұмыс тобына 300 ұсыныс келіп түсті

dep.jpg

Мәжілісте парламенттік реформаны талқылау жұмыстары жалғасып жатыр. ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамовтың айтуынша, жұмыс тобына қазірдің өзінде 300-ге жуық ұсыныс келіп түскен.

Депутаттың айтуынша, бір айдан бері азаматтар, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар реформаның мазмұнына қатысты өз пікірлерін жолдаған. Алдағы өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейту және біртіндеп көппартиялы бірпалаталы парламент қалыптастыру.

– Қазақстан Халық партиясы да өзінің ұсыныстар пакетін жолдап, ортақ іске үлес қосты, – деді Магеррамов.

Депутаттың пікірінше, қоғам өкілдерінің реформаны талқылауға қатысуы – ел дамуының бағытын бірге айқындауға мүмкіндік беретін нағыз демократиялық процесс. Бұл тәсіл түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін ескеруге жол ашады.

– Саяси маңызы бар мәселелерді қоғаммен бірге талқылау – «Әділетті Қазақстанның» басты ерекшелігіне айналды. Мұндай деңгейге жету оңай емес. Өзгерістер бір күнде жасалмайды, ол – жоспарлы әрі жүйелі еңбектің нәтижесі, – деп атап өтті Магеррамов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы наурызда елдегі ауқымды саяси жаңғыртудың нақты бағытын белгілеген еді. Мемлекеттің терең жаңаруының негізгі бағыттары Президенттің Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында айқындалды. Сол реформалар аясында Парламент барлық салаға қатысты маңызды заңдарды қабылдады.

– Көп жылдан бері алғаш рет мемлекеттік саясат қоғаммен конструктивті кері байланыс орнатуға бағытталды. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда ел өмірінің барлық саласы бойынша ашық әрі сындарлы диалог қалыптасты, – деп түйіндеді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy