
Қазақстан Халық партиясы республикада салықтық рулинг институтын енгізу бастамасын көтерді. Бұл бастаманы Мәжілістегі ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магерамов жариялады.
Салықтық рулинг – кәсіпкерлерге жоспарлап отырған мәмілелері бойынша салық органдарының алдын ала әрі міндетті түрде орындалатын шешімін алу мүмкіндігін беретін тетік. Ол салық заңнамасын қолдануда құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді. Қазір мұндай тәжірибе әлемнің 120-дан астам елінде табысты жұмыс істеп тұр.
– Қазақстанда салықтық рулинг бойынша міндетті шешім алуға мүмкіндік беретін жүйе жоқ. Соның салдарынан салық даулары мен сот істері көбейіп, заңнаманың қолданылуында қайшылықтар туындайды. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетіп, адал салық төлеушілер үшін қосымша тәуекелдерге әкеледі. Капитал да салықтық реттеуі болжамды елдерге кетіп жатыр, - деді Магеррамов.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, салықтық рулинг институтын енгізу бизнеске де, мемлекетке де айтарлықтай пайда әкеледі.
– Салықтық рулинг институтын енгізу салықтық әкімшілендіруді жетілдірудегі маңызды қадам болады. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасап, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға ықпал етеді, – деп атап өтті ҚХП фракциясының жетекшісі.
Партия өкілдері салықтық рулинг жүйесін кезең-кезеңімен енгізу үшін жол картасын әзірлеуді, пилоттық жобаларды іске қосуды, сондай-ақ Салық кодексі мен өзге де заңнамаларға өзгерістер енгізуге арналған ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.
@halyk_partiyasy