Қазақстан Халық партиясының белсендісі Венера Ищанова көпшілік дауыспен Ақжан ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Бұл ақпаратты Тимирязев ауданының аумақтық сайлау комиссиясы ресми түрде растады.
Венера Ищанова округтің түйткілді мәселелерін жақсы біледі. Өйткені ол соңғы 30 жыл бойы Тимирязев ауданы әкімдігі мен мәслихаттың түрлі құрылымдарында қызмет атқарған тәжірибелі маман.
Өзінің сайлауалды бағдарламасында Ищанова ауылдың агроөнеркәсіп және мал шаруашылығы салаларын дамытуға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті өркендетуге ерекше назар аударатынын айтқан болатын.
– Басты мақсатым – округтің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы қызметтің сапасы мен қолжетімділігін көтеріп, мәдениет пен спортты дамытқым келеді. Осы арқылы ауылға білікті кадрларды тартуға мүмкіндік тудаы, – деген еді ол кандидат ретінде ұсынылған кезде.
Жаңа әкімнің басты басымдықтарының қатарында елдімекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, құқықбұзушылықтың алдын алу үшін бейнебақылау жүйесін орнату, ауыл мектептерін сақтап қалу, мәдени-демалыс нысандарын дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын күшейту бар. Бұл халқы сиреп бара жатқан Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды қадам болмақ.