Жамбыл ауданының Үлгілі ауылдық округіне жаңа әкім сайланды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, бұл лауазымға Қазақстан Халық партиясынан ұсынылған үміткер Мұхтар Абдықарымов лайық деп танылды.
48 жастағы Мұхтар Абдықарымов – Алматы облысының тумасы. Еңбек жолын мейрамхана және сауда саласында жұмыс істеуден бастаған. Кейінірек ауылдық округ әкімдіктерінде қызмет етіп, Қарғалы және Ұзынағаш округтерінде әкім аппаратында әртүрлі лауазымдарды атқарған. Мемлекеттік қызметтегі жолын бас маманның міндетін атқарушыдан бастап, әкім орынбасарына дейін көтерілген.
Сайлауалды бағдарламасында ол ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруды көздейтінін айтқан еді.
– Ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру, жалпы ауылдағы өмір сүру деңгейін жақсарту – жұмысымдағы негізгі бағытым болады, – деген болатын Мұхтар Абдықарымов.