ҚР жаңа Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкіметке Салық Кодексінің жобасын іс жүзінде қайта жазуды тапсырды. Осындай міндетті ол жұма күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мәселелері жөніндегі кеңес барысында қойды.
Үкімет басшысының пікірінше, заң жобасына енгізілетін түзетулер бүкіл құжаттың мәні мен маңызын өзгертуге бағытталған. Оны дайындау кезiнде әкiмшiлендiрудi толық цифрландырып, салық жеңiлдiктерiн беру мәселесiнде тәртiп орнату керек.
– Сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықтың пікірлерін ескеру керек, - деп нақтылады Бектенов. - Салық Кодексі бизнес белсенділікті арттырып, бизнесті ірілендіруге ынталандыруы тиіс, керісінше емес.
Бір сөзбен айтқанда, құжаттың басты міндеті - фискалдық шығындар мен әкімшілік жүктемелерден қорықпай, бизнеске тиімді даму үшін жағдай жасау.
Бұл жерде Қазақстан Халық партиясының депутаттары өз үлестерін қоса алады. ҚХП парламенттік фракциясы салық заңнамасын әзірлеу мәселелері бойынша кәсіпкерлермен, кәсіпкерлік ұйымдардың өкілдерімен және талдаушылармен бірқатар сараптамалық кездесулер өткізді. Әзірге Үкімет өз жаңалықтарын енгізе отырып, олардың салдары қалай болатынына мән бере бермейді.
– Басты мақсат - Салық Кодексінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, - деп есептейді ҚХП депутаты Ислам Сұңқар. - Енгізілетін барлық өзгерістер бизнесті көлеңкелі сектордан шығаруға бағытталған.
Фракция заң жобасымен тиісті жұмыс жүргізу үшін арнайы сараптама тобын құруды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпкер үшін қолжетімді бірыңғай қаржы саясатын қалыптастыратын салық салудың нақты тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді.
– Біз бұл экономикалық модельдің азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін жұмыс істеуін қалаймыз - дейді ҚХП фракциясының басшысы Магеррам Магеррамов. - Экономикалық модельді іске асырмайынша, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру туралы айтудың қажеті жоқ. Әлеуметтік проблемаларды шешу үшін экономикалық мүмкіндіктер қажет.