Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «Хабар» телеарнасына сұхбат берді. Талқылау тақырыбы толық емес отбасы балаларының құқықтарын қорғау болды.
Қазақстан Халық партиясы Қазақстанда мемлекеттік Алименттік қор құру жөнінде бірнеше жылдан бері бастама жасап келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйенген Мәжіліс депутаты осындай ұйымдар көптеген дамыған елдерде бар екенін және мұндай құрылымдардың нәтижелі жұмыс жасайтынын атап өтті. Оның үстіне бізде мұндай қордың үлгісі бар.
– Бірнеше жыл бұрын біз зардап шеккендерге өтемақы төлеу қорын құрдық, - деп еске салды Магерамов. - Қор бюджеттен тыс қаражаттан құралған. Жәбірленушілер осы қордан белгілі бір соманы алады, содан кейін бұл қаражат борышкерден өндіріліп алынады. Біз де дәл осылай істеуді ұсынамыз.
Бұл қаражат балалары 3 айдан астам уақыт бойы алимент алмаған отбасыларға берілуі тиіс. Оларды қор есебінен мемлекет төлейді деп жоспарлануда, кейін ақша алимент төлеушіден өндіріліп алынады.
– Біз бұл мәселені алғаш көтерген кезде республикада алимент бойынша қарыз 2 миллиард теңге еді, - деп атап өтті ҚХП фракциясының басшысы. - Бүгінде бұл қарыздың сомасы - шамамен 21 миллиард теңге.
Әрине, мемлекет алименттік проблеманы бірнеше рет шешуге тырысты. «Алимент төлеу бойынша 30 қадам» бағдарламасы және тағы бірқатар бастамалар жасалды. Алайда, алимент бойынша қарыздың бірнеше есе өсуі барлық жұмыстың нәтижесіз болғанын айғақтап тұр.
Өкінішке қарай, алимент төлеушінің жақтастары көп. Жұмыс берушілер борышкерлермен сөз байласып, кірістің ресми сомасын төмендетеді. Оның үстіне борышкердің қасақана алимент төлемеуші болып саналмауы үшін үш ай ішінде 1000 теңге алимент төлеп қойса жеткілікті. Сот орындаушыларының осы саладағы әрекетсіздігі туралы айтарға сөз де жоқ.
– Егер сандарды сөйлететін болсақ, қазір 354 мың бала алиментке мұқтаж, бірақ оны ала алмай отыр, - деп атап өтті ҚХП-нан сайланған Мәжіліс депутаты. - Бұл құрғақ сандардың артында тірі балалар тұр!