Саусақ ұшындағы әлем

Мәжіліс депутаттары жаңа жылдағы жұмысын аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесуден бастайды. Осы ретте Мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаты және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан Қарағанды облысына барды.

«Сапарымның мақсаты – тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдау және тұрғындарды толғандырып отырған мәселелерді шешу жолдарын табу», - деді мәжілісмен.

2

К.Сейітжан алдымен Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға барып, ондағы қызметкерлермен, келушілермен және белсенді оқырмандармен әңгімелесті. Шараны ұйымдастыруға ҚХП жергілікті филиалы, «Қазақ зағиптар қоғамы» филиалы және бірқатар ҮЕҰ өкілдері, қалалық мәслихат аппаратының қызметкерлері қатысты.

Талқылау барысында республикадағы инклюзивті туризм мәселелері, мүгедектер үшін баспана алу және кезекті сақтау мәселелері көтерілді. Жиынға қатысушылар жұмыс істемейтін көзі нашар көретін азаматтардың зейнетақысын арттыру және зейнеткерлік жастағы пайдаланушыларды тифлотехника құралдарымен қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.

1

Сонымен қатар жиында зағиптарға көмектесу үшін жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндіктері айтылып, мүгедектіктің бірінші тобындағы адамдар үшін жеке көмекшінің мәртебесі туралы сұрақтарға жауап берілді.

Жиын соңында Кенжеғұл Сейітжан шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдіріп, арнайы кітапхананың «Саусақ ұшындағы әлем» тифло бұрышын ашу туралы оң бастамасына тоқталып өтті.

– Кездесуге қатысқан және өз идеяларын ортаға салған баршаңызға рақмет! Сіздердің белсенділіктеріңіз бізге тиімді шешімдер табуға және алға қарай ұмтылуымызға көмектеседі! – деп түйіндеді депутат-омбудсмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy