Қазақстан Халық партиясының парламенттегі фракциясының депутаттары сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге аттанды. Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар Абай облысы мен Семей қаласына барды.
Сапар барысында депутат жергілікті тұрғындарды мазалаған мәселелермен танысты. Белағаш ауылдық округінің халқы балабақшаның жұмыс істемей тұрғанына наразы, сондай-ақ жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жер және тұрғын үйге қатысты құқығының бұзылғанына шағымданды. Ал Бесқарағай ауданының Глуховка ауылында халық аудан орталығына қатынй алмай отыр - көлік жоқ, ал таксимен жүру өте қымбатқа түседі. Одан өзге, су құбырын жүргізген мердігер компанияның жауапсыздығынан мұнда ауыз су жиі тоқтап қалады. Тағы бір проблема - шабындықтар мен жайылым жерлер қолжетімсіз.
Водный шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, олар екі жылдан бері жергілікті атқарушы билік тарапынан ешқандай оң өзгерістерді байқамаған. Шағын ауданда балалардың демалысына арналған инфрақұрылым жетіспейді, жарықтандыру жағы мәз емес. Сонымен қатар, депутатпен кездесу кезінде жергілікті белсенділер көше атауларын мемлекеттік тілге аударып, қоғамдық көлікте екі тілде хабарландыру жасауды ұсынды.
Семейдегі «Теплокоммунэнерго» мекемесінің ұжымы өзге өңірлердегі әріптестерінен әлдеқайда төмен жалақы және зейнетақы алатындарын айтып шағымданды. Жергілікті Қоғамдық кеңестің өкілі Ерлан Кеңесбаев сол жағалауда орналасқан құрылыс колледжін орталық жылыту жүйесіне қосу туралы ұсыныс айтты. «Холодный ключ» шағын ауданының тұрғындарының да жылыту мәселесіне қатысты өтініші бар, олар екі және үш қабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуды сұрайды.Одан бөлек, аталған ауданға аурухана мен мәдениет үйі қажет.