Республика күні қарсаңында Семей қаласындағы №13 мектептің спорт залында ҚХП Абай облыстық филиалының өкілдері қазақтың ұлттық ойыны асық атудан қалалық турнир өткізді. Шараны ұйымдастыруға облыстық мәслихаттың ҚХП депутаты Мейірлі Кеңеспек пен «Жас орта» жастар қанатының белсенділері елеулі үлес қосты.
Турнирге қаланың №8, №13, №20 мектептерінің оқушылары қатысты. Жарыстың басты мақсаты – қазақтың ұлттық ойынын жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау.
«Асық ату – қазақ спорты мәдениетінің бір бөлігі. Ойын барысында ережені сақтау маңызды, әр ойыншының өз ойын техникасы болуы керек. Осылайша, жастарды тарту арқылы біз бұл мұраны өскелең ұрпаққа жеткізе аламыз», - деп атап өтті партия мүшелері.
Турнирдің финалында қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.