
Бір палаталы Парламентке құруға алғашқы қадам жасалды! Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Жиынға реформаның негізгі бастамашысы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жұмыс тобының құрамына депутаттар, фракция жетекшілері мен комитет өкілдері кірді. Олардың қатарында – Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов бар.
Мемлекет басшысы атап өткендей, парламенттік реформа – еліміз алдында тұрған аса маңызды әрі жауапты міндет.
– Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз, – деді Президент.
Ақырғы шешімді Қазақстан халқы қабылдайды. Бұл мәселе де, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен атом электр станциясын салу жобасы секілді, жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі.
– Қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны – жақсы үдеріс. Дегенмен Парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президенттің пікірінше, парламенттік реформаны тек Сенатты тарату ретінде қарастыру – қате ұстаным. Реформа аясында өкілдік билік тармағын түбегейлі жаңарту және өңіріміз үшін жаңа үлгідегі басқару моделін қалыптастыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, мұндағы маңызды фактор – болашақ депутаттық құрамның кәсібилігі.
– Болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламент кәсіби болуға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек, популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі, – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Мемлекет басшысы реформаның негізгі мақсаты мен алдағы жұмыс бағыттары өзінің Қазақстан халқына Жолдауында егжей-тегжейлі баяндалғанын еске салды. Сондай-ақ, жұмыс тобы өз міндетін жоғары деңгейде орындайды деген сенім білдірді.
– Парламент – Тәуелсіздігімізді және мемлекеттігімізді айшықтайтын маңызды құрылым. Бұл ешқашан өзгермейтін ақиқат, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Алдымызда тұрған шаруа өте ауқымды. Жұмыс тобына үлкен сенім артылып отыр. Істеріңізге сәттілік, табыс тілеймін! – деді Президент.
Өз кезегінде депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бір палаталы Парламентті құру және оны пропорционалды жүйе негізінде қалыптастыру – жаңа сападағы партияаралық саяси пікірталастың бастамасы болмақ. Бұл – саяси партияларды жаңа идеялар іздеп, сайлаушылармен тиімді байланыс орнатуға ынталандырады.
– ҚХП біраз уақыттан бері өз қатарына және басшылық құрамына белсенді, өзіне сенімді азаматтарды тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олар партияның қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ұстанымын қалыптастыруға көмектесіп, олардың шешіміне үлес қосып отыр. Осы арқылы партия нығайып, халық үшін пайдалы әрі сұранысқа ие күшке айналуда, – деді депутат.
Мәжіліс депутатының пікірінше, соңғы жылдары қоғамымыз әлеуметтік, экономикалық және саяси процестерді түсіну тұрғысынан айтарлықтай ілгеріледі.
– Бұл азаматтардың ел ісіне қатысуы мен пікір білдіруіне мүмкіндік берген реформалардың нәтижесі. Иә, біз демократия мен ашықтыққа әлі де үйреніп келеміз, пікірталас жүргізуді, шындықты ашық айту мен тыңдауды үйреніп жатырмыз. Бұл – өз алдына үлкен жетістік, – деп атап өтті Магеррамов.
Айта кетсек, бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастама бұған дейін Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген еді.
@halyk_partiyasy