
Өңірлерге жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан инклюзивті білім беру жөніндегі Кеңестің онлайн отырысына қатысты.
Мәжілісмен әрі омбудсменнің пікірінше, инклюзивті білім беру – азаматтардың жекелеген санатына ғана тән мәселе немесе жеке тақырып емес, ол адам капиталының сапасына, әлеуметтік тұрақтылыққа және қоғамның болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық мемлекеттік бастама.
– Мұндай талқылауға қатысу мен үшін жай формальді іс емес, қабылданатын шешімдер шеңберінен тыс қалып қоятын адамдар алдындағы жауапкершілік, – деп атап өтті депутат.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, мектепке дейінгі ұйымдарда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында педагог-ассистенттердің штаттық бірлігі енгізілген. Бұл шара ерекше білім беруді қажет ететін (ЕБҚ) білім алушыларға жеке қолдау көрсетуге бағытталған. Қазіргі таңда білім беру жүйесінде 3,8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог жұмыс істейді. Сонымен қатар елдегі жалпы білім беретін мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен өмірдің қиын жағдайына тап болған оқушылар үшін жеке көмекші лауазымы енгізілді. Нәтижесінде ерекше білім беруді қажет ететін.
129 бала қолдауға ие болды. Оның ішінде бұрын үйде оқыған 45 бала білім беру ұйымдарына бару мүмкіндігіне қол жеткізді.
– Мектеп, колледж, университет – болашақ қоғамның моделі. Қазақстанның ертеңі осыған байланысты, – деді Кенжеғұл Сейтжан. – Әр адамның ерекшелігін ескеретін және әрқайсының әлеуетін бағалайтын білім беру ортасын қалыптастыра аламыз ба, жоқ па – осы маңызды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау инфрақұрылымы дамып келеді. Қазіргі уақытта 516 мамандандырылған ұйым жұмыс істейді. Сонымен қатар аутистік спектр бұзылысы бар балаларға көмек көрсететін орталықтар желісі кеңеюде. Бұған қоса ерте жастан бастап мамандық алу кезеңіне дейін балаларды кешенді сүйемелдеу тұжырымдамасы бекітілген.
– Инклюзивті білім беруді дамыту мемлекет пен азаматтық қоғамның, педагогтар мен ата-аналардың, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес өкілдерінің және білім алушылардың өзара бірлескен жұмысы арқылы ғана нақты нәтиже беретініне сенемін, – деп түйіндеді депутат Сейтжан. – Қоғамның түрлі топтары арасындағы шынайы диалог арқылы ғана әр адамның құндылығын нақты көрсететін және заманауи сын-қатерге жауап бере алатын білім беру жүйесін қалыптастырамыз.
@halyk_partiyasy