
Алматыда Инклюзивті білім берудің дүниежүзілік конгресі өтті. Оған түрлі мемлекеттен педагогтар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Шараға белсенді қатысушылар қатарында ҚХП депутаттары да болды.
Ұзақ жылдар бойы педагог болып қызмет екен Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова инклюзия мәселесін білімнің баршаға қолжетімділігі деп түсіндіреді. Депутат Жапония, Ұлыбритания мен Сингапурдан келген педагогтар мен білім мекемелері басшыларының бірнеше баяндамасын ерекше атап өтті.
– Бұл мәселе тек ерекше қажеттіліктері бар адамдар жайлы емес. Бұл – жалпы ортақ білім жүйесінен тыс, әрбірінің жеке мүмкіндігі мен ерекшелігін ескере отырып оқытуды қажет ететін балалар үшін жағдай жасау. Мұнда оқушыға қойылған баға емес, білімге деген құштарлық маңызды, - деді депутат.
ҚХП депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан қазіргі таңда инклюзивті білім беру әлеуметтік саясаттың бір бағыты ғана емес, адам капиталының дамуына стратегиялық факторға айналып отырғанын баса айтты.
– Сапалы білімге тең қолжетімділік арқылы денсаулық ерекшеліктеріне, әлеуметтік жағдайына немесе өмірлік жағдайларға қарамастан әрбір адам өз мүмкіндігін жүзеге асыра алатын қоғам қалыптасады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, инклюзияға инвестиция салған елдер тұрақты даму мен азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейіне жетеді, - деді депутат-омбудсмен.
Депутат конгреске қатысқан ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Алматы әкімдігі басшылығының инклюзивті тәжірибелерді дамытуға деген жоғары қызығушылығын ерекше атап өтті.
– Дүниежүзілік конгресс тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, Қазақстанға заманауи, ашық әрі әділ білім жүйесін қалыптастыруға көмектесетін жаңа стратегияларды жасауға мүмкіндік берді, – деді депутат.
@halyk_partiyasy