АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың Шымкент қалалық бөлімшесі 30-ға жуық іс-шара өткізді. Оларға ҚХП өкілдері белсене қатысты. Парламент және мәслихат депутаттарымен, өзге де қоғамдық бірлестіктердегі әріптестерімен бірлесе отырып, партия мүшелері мегаполис тұрғындарына еліміздің болашақ экономикалық өркендеуі атом энергетикасын дамытуға тікелей байланысты екенін түсіндірді.
ҚХП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бақтияр Жандарбеков штаб жұмысына алғашқы күннен бастап белсене кірісті. Шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін талқылады. Сайрам тұрғын алабының тұрғындарына заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі туралы айтып берді. Ы.Алтынсарин атындағы №129 мектептің ұстаздарына отандық ядролық жобаның ерекшеліктерін, ал «Мадина» макарон фабрикасының жұмысшыларына мұндай станциялардың экологиялық тұрғыда сенімді әрі таза энергия өндіретінін түсіндірді.
Сонымен қатар, Жандарбеков азаматтық қоғамды және мәдениетті дамыту жөніндегі облыстық «Мирас» кеңесінің отырысына қатысты. Онда АЭС құрылысын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Партия мүшесі басқа да штаб қызметкерлерімен бірге Х.Әлімжан атындағы №85 мектеп мұғалімдерімен кездесу өткізді.
«Атом электр станциясы елді ұзақ мерзімді, тұрақты әрі қауіпсіз электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе, мектептердің, ауруханалардың, емханалар мен олардың жабдықтарының жүйелі жұмыс істеуі үшін маңызды, - деп атап өтті ҚХП мүшесі.
Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті филиалында жеке пікірталас өтіп, онда ядролық жоба аспектісінде қауіпсіздік, экономика және экология мәселелері талқыланды. Штаб өкілдері «Шымкенттің Азаматтық альянсы» өкілдерімен алдағы референдумды талқылай отырып, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі туралы әңгімелесті. Ал Gramad гипермаркетінің ұжымын «бейбіт атомды» пайдаланудағы қауіпсіздік мәселелері қызықтырды. Жастармен және әл-Фараби кітапханасының қызметкерлерімен өткен кездесулерде партия мүшесі атом жобасы жүзеге асса республиканың болашағы қандай болатынын айтып берді.
Осы ретте ҚХП белсендісі Баймырза Омаровтың да еңбегін атап өткен жөн. Ол спорттық теннис мектебінің командасымен және «Kameya Clinic» көпсалалы емханасының медицина қызметкерлерімен, «Тashenev University» және Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ «Дарын» орталығының ұстаздарымен АЭС-тің қоршаған ортаға тигізетін әсері, ал «Оңтүстік» телеарнасының журналистері мен техникалық қызметкерлерімен стратегиялық шешім қабылдау кезіндегі азаматтық белсенділік туралы талқылаулар жүргізді.