Шымыр ауылының М. Мәметова атындағы орта мектебінің күрделі жөндеуден өтпегеніне жылдардың жүзі болды. Жергілікті атқарушы органдар жөндеу жұмысына ақша таппай отыр.
Бұл туралы жұмыс сапарымен өңірлерді аралап жүрген Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліске сайланған депутат Гаухар Танашеваға тұрғындар шағымданды.
1991 жылы бой көтерген мектеп 30 жылдан бері жөнделмеген. 500 оқушыға шақталып салынған ғимаратта әлдеқайда көп оқушы адам шошырлық жағдайда білім алуда. Мектептің шатырынан су тамшылайды. Салдарынан қабырғасы қопсып, ағаш едені шіріп, электр желісі істен шығып жатыр. Спорт залға қорқынышсыз кіру мүмкін емес. Себебі ол қаусап қалған. Жергілікті атқарушы орган өкілдері ғимаратты жөндеуге ақша бөлуге уәде берді. Алайда бұл іс келесі жылға жоспарланды.
– Біз балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз, – дейді ауыл тұрғындары.
Г. Танашева бұған дейін Қазақстанның ауылдарындағы мектептердің оқушылары қаладағы құрдастарына қарағанда аз қорғалғанын мәлімдеген болатын.
– Менің түсінігімде қауіпсіз оқытуды қамтамасыз ету үшін қалыпты жағдай жасау қажет, – деп атап өтті депутат.
Сапар барысында мәжілісмен ҚХП Жетісу облыстық филиалының белсенділерімен кездесіп, өңірдің өзекті мәселелерін талқылады. Азаматтар жайылымдық жерлерді шаруаларға қайтару қажеттігін алға тартты. Г. Танашева мамандандырылған балалар үйіне де аялдап, «Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ өкілдерінің қатысуымен көпбалалы аналармен кездесті.