Шындықтан алшақ сандар

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы Үкіметтің республиканың солтүстік өңірлеріне қатысты саясатын сынға алды. Бұған дейін ҚХП парламенттік фракциясының депутаттары Қазақстанның солтүстігіне барған болатын. Олар мемлекеттік органдар өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтынын, ал міндеттерді толыққанды шешудің орнына, сылтау айтып, шығарып салма жауап беретінін жеткізді.

ҚХП фракциясының басшысы, депутат Магеррам Магеррамов атап өткендей, еліміздің солтүстік өңірлерінің басты проблемаларының бірі - халықтың өзге жаққа кетуі болып табылады. Осының нәтижесінде халықтың орташа жасы ұлғайып, кадр тапшылығы мен жұмысшы мамандарының жетіспеушілігі туындап отыр. Оңтүстік облыстардың тұрғындарының солтүстікке көшуі қажетті нәтиже бермеді. Енді тек Көші-қон туралы жаңа заңға сүйену ғана қалды.

– Біз қоныс аударушылар үшін ғана емес, осы өңірлердің байырғы тұрғындары үшін де қолайлы жағдай жасау керек деп есептейміз, - деп нақтылады Мәжіліс депутаты. - Бұл шаралар адамдарды онда тұруға ынталандырып, демографиялық көрсеткіштерді арттыруға ықпал етуі тиіс.

ҚХП фракциясы оңтүстік өңірлерден келген жастарды Қазақстанның солтүстік өңірлеріне оқытуға және жұмысқа орналастыруға бағытталған «Серпін» бағдарламасын қайта қарау қажет деп санайды. Яғни, осы өңірде өмір сүру үшін қалыпты жағдай жасау керек. Ең алдымен - су тапшылығы мәселесін жою қажет.

Бұл өңірлердің халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қандай шаралар қабылданды және қандай шаралар қабылдау жоспарланып отыр? - деп сұрады Магеррамов.

Өңірдегі эпизоотиялық жағдай көптеген наразылықтарды тудырып отыр, онда бруцеллезбен сырқаттанушылар саны артуда. Қаңғыбас иттер мәселесі өткір тұр. Жол инфрақұрылымы күрделі жөндеуді қажет етеді, ал көптеген ауылдарда байланыс, оның ішінде ұялы байланыс та жоқ.

– Солтүстік өңірлерде жинақталған проблемалардың объективті бағаланбауының бір себебі - бұрмаланған статистикалық деректерде жатыр, - деп түйіндеді ҚХП фракциясының басшысы. - Сондықтан есептерде әдемі цифрларды ғана емес, сонымен қатар нақты көріністі де көрсету маңызды.

ҚХП фракциясы Үкімет еліміздің солтүстік өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды сауықтыру жөніндегі пәрменді шараларға кідіріссіз кірісуі керек деп санайды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy