Синтетикалық есірткіге қалай тоқтау салуға болады?

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі Үкіметтік сағатқа қатысты.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжіліс депутаттарының алдында осы саладағы ахуал туралы есеп берді. Бас полицейдің ақпаратына сүйенсек осы күнде синтетикалық есірткі айналымы үдемесе бесеңдей қоймаған. 2019 жылға дейін мұндай психоактивті препараттар отандық заңнаманың нормаларына мүлдем сәйкес келмейтін еді. Қазір жағдай өзгерді.

– Осы мәселе бойынша Парламент депутаттары заңдарға түзетулер енгізе отырып, құжаттың революциялық пакетін қабылдап, нүкте қойды, - деп атап өтті ІІМ министрі. - Бүгінде Қазақстанда қауіпті есірткінің барлық белгілі түрлері бақыланады, ал оларды тізімге енгізу рәсімі бір айдан аспайды.

Аталған түзетулер күшіне енгеннен бергі соңғы 5 жылда "синтетиканы" әшкерелеу фактілері арта түсті. Жыл басынан бері 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ және 75 жасырын нарколаборатория анықталды, олардан жалпы алғанда 185 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді.

Есірткінің, оның ішінде синтетикалық препараттардың таралуы болашақ ұрпаққа үлкен қауіп төндіреді, деп атап өтті Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар өз сөзінде. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сілтеме жасап, өткен жылдың деректері бойынша есірткі есебінде 8 мыңға жуық адам тұрғанын алға тартты. Оның ішінде 6 мыңнан астамы-18 бен 29 жас аралығындағы жастар.

– Синтетикалық нашақор 12 жылдан кейін бауыр циррозынан қайтыс болады, ал психикалық деградация 3-4 жылда дамиды, - деді мәжілісмен. – Бұл – іс жүзінде емі жоқ дерт. Нашақорлықтың осындай түріне құныққан адам витаминдер алған күннің өзінде бұрынғы күйіне орала қоймайды.

Депутат Ислам Сұңқар біржолғы және нәтижесіз гранттық жобалардың орнына есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді шараларды қарастыруды және ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына тиісті тармақтар енгізуді ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy