Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында әскери қызметкерлерге банк тарапынан жеңілдік жасау тетігін іске асыру мәселесі талқыланды. Бұған дейін мәселені Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары көтерген болатын.
Мәжілісмендер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне мерзімді әскери қызметке шақырылған жастардың несие бойынша өтелмеген қарызына назар аударды. Жас жігіттер еліміздің әскери қауіпсіздігін, мемлекеттік шекараның мызғымастығын қамтамасыз етіп, Отан алдындағы борышын өтеп жатқанда, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз үшін айыппұл салады.
– Табыстың төмендеуіне негіз болған объективті себеп, яғни жас жігіттің әскери қызметке шақырылғаны есепке алынбайды, – деді ҚХП депутаттары. – Қазақстандықтардың Отан алдындағы қасиетті азаматтық борышын өтеуі оларға несие төлеу мерзімін шегеруге мүмкіндік беруге тиіс.
Партия өкілдері мәселені заңнама арқылы шешуді ұсынды, бірақ Үкімет басқа жолды таңдады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, қарыз алушылардың осы санаты үшін банк несиесі мен микроқаржы ұйымдарының қарызын қайтару мерзімін кейінге қалдыруды қарастыратын өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, жан басына шаққандағы тізімге сәйкес 7 мың әскери қызметкердің банктер мен микроқаржы ұйымдарында құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 16 600 несиесі бар.
Меморандум аясында 3 700 әскери қызметкер құны 5 500 қарыз бойынша төлем мерзімін шегеру құқығына ие болды.
– Қорғаныс министрлігінен биыл көктемде шақырылған әскери қызметшілердің тізімі келіп түсті, – деді Н. Әбдірахманов. – Қазір банктер 826 әскери қызметкердің несиесін қарастырып жатыр.