Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нұрмұхамбетов өңір тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және қажет болса қауіпті аудандардан уақытша шығып кетуге шақырды. Сондай-ақ, ол қиын кезеңде көмекке келгендердің барлығына алғысын білдірді.
– Су тасқынының қазіргі жағдайы күрделі күйінде қалуда, - деді облыс басшысы. - Есіл өзенімен мол су келе жатыр.
Нұрмұхамбетовтың айтуынша, биылғы су тасқынының қарқыны өткен жылдардың ауқымынан әлдеқайда асып түседі. Прибрежное және Тепличное ауылдарын, сондай-ақ Заречный кентін су басу қаупі бар. Қазір тәулік бойы бөгеттерді салу және нығайту жұмыстары жүргізілуде, елді мекендердің инфрақұрылымын қорғау бойынша шаралар қабылдануда. Алайда бұл жеткіліксіз болуы мүмкін.
– Петропавл бағытында судың үлкен ағыны келе жатыр, - деп мәлімдеді облыс әкімі. - Орасан мол су екенін тағы да баса айтқым келеді! ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярдың тапсырмасы бойынша үйлері су басу аймағында орналасқан Заречный кентінің тұрғындарын эвакуациялау жүргізілуде. Тұрғындардан жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймын. Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және қала әкімдігінің талаптарын мүлтіксіз орындау қажет. Бұл саяжай массивтерінің тұрғындарына да қатысты. Азаматтардың қауіпсіздігі бәрінен де жоғары!
Қазір су тасқынына қарсы күреске үш мыңнан астам адам тартылды. Бұл мердігер ұйымдар, құрылыс компаниялары, бизнесмендер, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, полицейлер мен еріктілер. Көмекке басқа өңірлерден көмекшілер, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері келді.
Қазақстан Халық партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері де қалыс қалған жоқ. Партия мүшелері Ұлттық ұлан академиясының курсанттары жұмыс істейтін Прибрежное ауылындағы нығайтылатын бөгетке келді. Еріктілер курсанттарға ыстық бауырсақтар мен энергетикалық батондар, сондай-ақ қолды қорғау үшін жұмыс қолғаптарын әкелді.