Археологиялық жұмыстаға қатысты лицензиялау тәртібі өзгереді

dep.jpg

Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулер жаңа бюрократиялық тосқауылдарға әкелмей ме? Бұл сауалды Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейтжан көтерді. Аталған заң жобасы сәрсенбі күні бірінші оқылымда мақұлданды.

Түзетулердің бірі – археологиялық жұмыстарды лицензиялау жүйесін қатаңдату. Енді лицензиялар ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстарға арналған болып бөлінеді және 5 жыл мерзімге беріледі. Сонымен қатар, археологиялық зерттеулер қаржыландыру тетігіне қарай жоспарлы және жедел болып жіктелмек. Кенжеғұл Сейтжан жаңа лицензиялау талаптары бірлескен халықаралық археологиялық экспедицияларға және отандық ғылыми орталықтардың жұмысына кері әсер етпей ме деген сұрақ қойды.

– Өзім де тарихшымын, сондықтан заң жобасын жалпы қолдаймын. Бірақ археологтардың жұмысына артық кедергі болмауы маңызды, – деді депутат.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бұл өзгерістер зерттеу процесіне теріс әсер етпейді деп сендірді. Оның айтуынша, Қазақстан қазіргі таңда шетелде археологиялық қазба жұмыстарына қатыспайды, ал бірлескен зерттеу жүргізу кезінде шетелдік мамандар қазақстандық заңнама талаптарын орындауы тиіс.

– Егер шетелдік археологтар біздің ғылыми институттармен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізгісі келсе, оларға да дәл осындай талаптар қойылады. Иә, лицензиялауды күшейтеміз. Лицензия бес жылға беріледі, біліктілікке нақты талаптар қойылады. Егер есеп бермесе немесе қазба жұмыстары талапқа сай жүргізілмесе, процесті тоқтатамыз. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені сөз тарихи жәдігерлер мен артефактілер туралы болып отыр, – деді Аймағамбетов.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың айтуынша, қазір Қазақстанның 12 жоғары оқу орнында археолог мамандар даярлануда.

– Ешқандай қиындық туындамайды. Лицензиялау аясында нақты талаптар бекітіледі, оны орындауға біздің мамандар мен техникалық база толық дайын. Барлық мүмкіндік бар, - деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy