
Алматының әйгілі «Медеу» мұз айдынының тарихи келбеті сақталады. Жақында жоғары тау спорты кешеніне Алматы әкімі Дархан Сатыбалды барып, жүргізіліп жатқан реконструкция барысымен танысты.
Қала басшысы жаңғырту жұмыстары кезінде мұз айдынының тарихи бейнесі толық сақталатынын атап өтті.
– «Медеу» – Алматының спорттық әрі мәдени мұрасының бір бөлігі, – деп хабарлады әкімдік.
Реконструкция барысында жаңа тоңазытқыш жүйесі орнатылады, инженерлік желілер жаңартылады. Кешеннің шығыс қанатындағы қонақүй қайта жөнделіп, батыс трибунада кофеханалары мен демалыс аймағы бар терраса пайда болады. Кешен алдынан SUN-DECK деп аталатын рекреациялық кеңістік жасалады. Айналасы жаяу жүргіншілерге арналған бағыттармен, көрініс алаңдарымен, көгалдандыру және жарықтандыру элементтерімен толықтырылады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап екі лифт орнатылады. Жаңғырту жұмыстары 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.
Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова бұл шешімді қолдайтынын жеткізді.
– Соңғы кезде Алматыдағы көптеген тарихи нысандарға «реставрация» жасалып жатыр. Бірақ оның көбі тек сөз жүзінде. Іс жүзінде тарихи келбеті сақталмай, мүлдем өзгеріп кетеді. Ал бүгін «Медеудің» тарихи болмысы барынша сақталатыны жайлы жақсы жаңалық оқыдым. Мұндай ұқыпты көзқарасы үшін Алматы әкімдігіне мың алғыс! – деді Мәжіліс депутаты.
@halyk_partiyasy