Ортақ құндылық – ортақ мүдде

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Әлеуметтік жұмыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары (вице-министр деңгейіндегі лауазым) Цай Лисинь ханыммен кездесті. Қытайлық делегация сапар аясында Қазақстан Халық партиясының орталық кеңсесіне арнайы келді.

Кездесу барысында Ертісбаев мырза Қытай Коммунистік партиясы мен ҚХП арасындағы достық байланыстардың көпжылдық тарихына тоқталды. Оның өзі де Қытай Халық Республикасына бірнеше рет барып, түрлі халықаралық форумдарға қатысқанын атап өтті. Бұдан бөлек, ҚХП төрағасы қазіргі таңда сұранысқа ие медиа формат арқылы жүзеге асып жатқан партияның ақпараттық саясаты жөнінде қонақтарға кеңірек баяндады.

– Жаңа дегеніміз – ұмыт қалған ескінің жаңғыруы. В.И.Ленин айтқандай, партиялық басылым – тек үгіт пен насихаттың емес, елді ұйыстыратын ұйымдастырушы күш. Қазір бұл рөлді әлеуметтік желілер атқарып отыр. Біз халықпен кері байланыс орнату үшін медиа ресурстарды тиімді пайдаланып келеміз, – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Өз кезегінде, Цай Лисинь ханым қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанға алғаш рет келгенін айтып өтті. Сондай-ақ, 2023 жылы құрылған Әлеуметтік жұмыстар бөлімі туралы және оның қызмет бағыттары жөнінде мәлімет бөлісті. Аталған құрылымның негізгі міндеттері – партиялық құрылымды нығайту, экономикалық және саяси топтармен ынтымақтастық орнату, басқару жүйесін жетілдіру, әсіресе таулы және ауылдық өңірлерде өзін-өзі басқару, заң үстемдігі және партиялық мораль қағидаттарымен ұштастыра отырып, ҚКП-ның жетекшілік рөлін күшейту.

1

– Біздің бөлім заман талабына сай құрылды. Қазір Қытайда интернет-компаниялар көбейіп келеді. Бұл – жаңа экономика, жаңа мамандықтар және жаңа еңбек нарығы деген сөз. Сонымен қатар біз 15-ші бесжылдықты жүзеге асырып жатырмыз. Осыған орай, ел тұрғындарынан республика дамуына қатысты ұсыныстар жинау басталды, – деді Цай Лисинь.

Қытайлық қонақ Қазақстан Халық партиясының әртүрлі әлеуметтік топтардың саяси үнін жеткізудегі, әділетті әрі тең қоғам құру жолындағы қызметіне жоғары баға берді.

2

– Партияларыңыздың мұндай табысқа жетуінің және халықтың қолдауына ие болуының басты себебі – оның мақсаттары мен құндылықтарының елдің талап-мүддесімен үйлесім табуы. Біздің де көзқарасымыз ұқсас. Бұл – өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізі, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy