Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Алматы қаласында сайлаушылармен кездесуін жалғастыруда. Оның айтуынша, мегаполисте бұрынғыдай нүктелі құрылыс, тау бөктерінде зәулім үйлердің салынуы, сумен қамтамасыз етудің қолжетімсіздігі, жұмыс істеп тұрған мектептердің спорт алаңдарында қосымша нысандардың бой көтеруі, қолданыстағы ауруханалардың мүшкіл жағдайы сынды мәселелер өзекті болып тұр.
Мәжілісмен Медеу ауданындағы №131 мектептің дамуына қатысты мәселелер бойынша шағын аудан тұрғындары мен мемлекеттік орган өкілдерінің кездесуіне қатысты.
Жұмыс істеп тұрған мектеп аумағында қосымша оқу корпусын салу жоспары – талқылаудың негізгі тақырыбына айналды. Оқушылардың ата-аналары мен шағын ауданның тұрғындары бүгінде тек дене шынықтыру сабағы мен спорт үйірмелері үшін ғана емес, сондай-ақ ауданның маңызды әлеуметтік инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде пайдаланылатын ашық спорт стадиондары мен алаңдарының аумағы қысқара ма деп алаңдайды.
– Мұндай тәжірибе дұрыс шешім емес, – деген пікір білдірді И.Смирнова жапсарлас нысан салу мәселесіне қатысты. – Бұл оқушыларға түсетін жүктеменің арту қаупін тудырып қана қоймай, мекеменің санитарлық талаптарын бұзады, сонымен қатар оқушыларды спортпен шұғылдану және серуендеу мүмкіндігінен айырады.

Кездесу барысында ұсынылған бастапқы-рұқсат құжаттары мен жобалық шешімдер қаралды. Оқушылар орнының тапшылығы жүйелі сипатқа ие екені және кешенді шешімді қажет ететіні атап өтілді. Сонымен қатар санитарлық және қала құрылысы нормаларын сақтау, қолжетімді спорттық ортаны қорғау мәселелерінің маңыздылығына назар аударылды.
– Мектептің алдындағы футбол және волейбол алаңдары орналасқан ашық аумақты, «Самал» шағын ауданының тұрғындары серуендейтін жерді алып қою – қылмыс, – деп атап өтті жергілікті белсенділер.

Талқылау қорытындысында жаңа корпусты орналастырудың балама нұсқасын қарастыру ұсынылды. Олардың қатарында қолданыстағы ғимараттарды қайта жаңғырту және спорттық инфрақұрылымға зиян келтірмей оқу алаңын ұлғайтуға мүмкіндік беретін жобалар бар. Сондай-ақ ата-аналар мен педагогтардың және шағын аудан тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізу қажеттігі айтылды.
– Басты мақсат – теңгерімді шешім табу, – деп түйіндеді И.Смирнова. – Ол сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, балалардың физикалық дамуына жағдай жасауы, сонымен қатар жергілікті қауымдастықтың мүддесін ескеруі тиіс.
@halyk_partiyasy