Қазақстанда бұқаралық және балалар спорты қалай дамып жатыр?

Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы «Инфрақұрылым мен қолжетімділік. Әлеуметтік әріптестік. Бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар мен спорт федерацияларының өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар мен спорт саласының белсенділері қатысты.

Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, талқыланған мәселелер тек дене шынықтырумен шектелмейді. Олар ұлт денсаулығы, халықтың белсенділігі мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлар.

1

– Спортты дамыту үшін ең алдымен сапалы инфрақұрылым қажет. Ауыл-аймақтарда спорт нысандарына тең қолжетімділік болмаса, нәтиже де болмайды. Бұл жерде әлеуметтік әріптестік – мемлекет, білім беру мекемелері, бизнес, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың күш біріктіруі аса маңызды. Тек осындай бірлескен әрекеттер арқылы ғана спортты әрбір баланың да, ересектің де күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыра аламыз, – деді Мәжіліс депутаты.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Руслан Серғазин ведомство атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 25 725 спорт нысаны бар.

2

– Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл тек оқу орны емес, сонымен қатар көпсалалы спорттық және ғылыми орталық болмақ, – деді Сергазин.

Сонымен қатар, ол өңірлерде спорт инфрақұрылымының қалай қалыптасып жатқанын, балалар мен жасөспірімдер арасынан болашақ спортшылар қалай іріктелетінін айтты. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебін қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен, яғни көбіне қалдық принципімен жүргізілетінін айтып, бұл жүйені жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жаттықтырушылардың жалақысын арттыру, қосымша білім беру ұйымдарында секциялық жұмыстарды кеңейту мәселелері де күн тәртібінде.

– Басты мақсатымыз – халықтың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл үшін мүмкіндігінше көп адамды спортқа тарту қажет, – деп түйіндеді өз сөзін Серғазин.

Спорт дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, MBA, Халықаралық спорт медицинасы федерациясының мүшесі, Sportcareer.kz компаниясының бас директоры және «Balalyq Alemi» ұйымының негізін қалаушы Жібек Исаева проблемалық мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық жас спортшылар жарқын нәтиже көрсеткенімен, елдің олимпиадалық резервіне айнала алмай отыр. Бұған себеп – кәсіби спорттық білім беру жүйесінің әлсіздігі және спорттық медицинаның іс жүзінде жоққа тән болуы.

4

– Бұл – өте өкінішті жағдай. Бізде бар болғаны жеті ғана арнайы дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері бар. Ал халықаралық тәжірибеде әр командада міндетті түрде спорт дәрігері, психолог, жаттықтырушы, физиолог сынды мамандардан құралған ғылыми-спорттық кешенді топ жұмыс істейді. Бұл – нәтижелі жұмыстың кепілі! – деп ашынды Исаева.

Кейін қатысушылар түрлі мәселелерге арналған ашық пікірталас өткізді. Онда параспортты қаржыландырудан бастап, спорт арқылы патриоттық тәрбие беру секілді тақырыптар қозғалды.

Шара соңында Магеррам Магеррамов қатысушыларға алғыс білдіріп, келешекте бұл көтерілген түйткілдер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

3

– Мұнда жиналғандардың барлығы спорттың дамуына бейжай қарамайтын азаматтар. Біз барлық ұсыныс-пікірлерді жинақтап, Үкіметке жолдаймыз және оларды Парламент мінберінен де көтеретін боламыз, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy