Бүгінде жастар білім алудан бастап жұмысқа орналасуға дейінгі түрлі кезеңдерде сыбайлас жемқорлыққа жиі тап болады. Қазақстан Халық партиясы осы проблеманың алдын алу мақсатында ағартушылық кездесулер өткізіп, құқықтық кеңес беруде.
Абай облысындағы ҚХП филиалы Семей қаласындағы «Геологиялық барлау» колледжінде осындай ақпараттық шара ұйымдастырды. Жиынға арнайы шақырылған полиция қызметкерлері қатысып, тұрмыстық деңгейдегі жемқорлықпен күрес әдістері, оның салдары және алдын алу жолдары туралы баяндама жасады. Сонымен бірге студенттер арасында «ақша жинау» немесе заңға қайшы әрекетпен бетпе-бет келгендері жөнінде жасырын сауалнама жүргізілді.


Жамбыл облыстық филиалы ҚХП Дулати университетінде де осыған ұқсас кездесу өткізді. Студенттер тұрмыстық деңгейдегі жемқорлық түсінігі, оның зардаптары мен алдын алу тетіктері туралы өзекті ақпарат алып, нақты жағдайларға негізделген кейстерді талқылады және анонимді экспресс-сауалнамаға қатысты.

– Әділдік әрқайсымыздан басталады! Мақсатымыз – жастардың құқықтық әрі азаматтық белсенділігін арттыру, жеке жауапкершілігін күшейту және күнделікті өмірде жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, – деді ұйымдастырушылар.
Солтүстік Қазақстан облысының филиалы да осындай кездесу өткізді. Ал Шымкенттегі партия өкілдері еңбек нарығындағы адал бәсекелестік мәселесін талқылады. ҚХП Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстелге жастармен бірге әділет және полиция департаменттерінің өкілдері қатысып, онлайн түрде өтетін жұмысқа орналасу жүйесі ашық болғанымен, ресми статистика бұл салада проблемалар әлі де барын көрсететінін атап өтті. Тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша ең жоғары көрсеткіш – Астанада, одан кейін Шымкент пен Алматыда.
Өз кезегінде студенттер «таныс арқылы жұмысқа тұру» тәжірибесі қоғамға да, мемлекеттік құрылымдардың беделіне де айтарлықтай нұқсан келтіретінін айтты.


– Мұндай шаралар – өзгерістердің бастауы. Бүгінгі әңгіме жастардың әділ бәсекені қолдайтын, талапшыл әрі кәсіби жаңа буын ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетті, – деп түйіндеді партия өкілдері.


@halyk_partiyasy