Саяси маусым басталды!

Астанада Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысы өтіп, Қазақстан Республикасы Парламентінің VIII шақырылымдағы төртінші сессиясы ашылды.

Сессияның басталғанын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жариялады. Ол қазір Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасында ресми сапарда жүргенін еске салды.

– Мәжіліс төрағасы ретінде маған Республика Парламентінің VIII шақырылымдағы төртінші сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер, – деді Қошанов. Мемлекеттік Әнұран шырқалып, шамамен бес минутқа созылған ресми рәсім осымен аяқталды.

1

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов депутаттар жаңа маусымға дайын екенін айтты. Оның айтуынша, фракцияның өз жұмыс жоспары бар. Алдағы уақытта үш қоғамдық шара ұйымдастырылмақ: екеуі Мәжілісте, біреуі аймақта өтеді.

– Бүгін фракция отырысын өткізіп, оған Орталық аппарат қызметкерлерін де шақырдым. Бұл шаралар біздің негізгі заң шығару қызметімізбен қатар жүргізіледі. Фракция атынан заңнамаларға өзгерістер енгізу, депутаттық сауалдар жолдау жұмысы да жалғасады, – деді ол.

2

Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, алдағы жоспар Мемлекет басшысының 8 қыркүйекте жарияланатын халыққа Жолдауына қарай толықтырылуы мүмкін. Дегенмен, фракция Президент саясатына, соның ішінде «Заң және тәртіп» қағидатына ерекше назар аударып келеді.

– Мен тағы да құқықтық тәрбие тақырыбына оралғым келеді. Мемлекет тұлғаның азаматтық жауапкершілігін, заңды құрметтеуді, құқық бұзушылыққа төзбеуді, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысуды бала кезден бастап мектепте, одан кейін колледж бен ЖОО-ларда қалыптастыруға баса мән беруі қажет деп санаймын, – деді Магеррамов.

Ал Мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, алдағы уақытта үш заң жобасы бойынша жұмыс күтіп тұр. Соның бірі – «Кооперативтер туралы» заң, ол Парламентаризм институтымен бірлесіп әзірленуде. Сонымен қатар, фракция аймақтарда өткен кездесулерде халықтан түскен сауалдар мен өтініштерді қарастыруды жоспарлап отыр.

– Бұл – инфрақұрылым, жер қойнауын қорғау, экология және тағы басқа мәселелер. Мысалы, Алматы мен Жамбыл облыстарын сумен қамтамасыз ету – біздегі шешімін таппай келе жатқан түйіткілді проблема. Соңғы жылдары бұл мәселе ушығып барады, – деді Смирнова.

Сондай-ақ ол сессияның қысқа форматта өткенін құптап: «Қысқа да нұсқа болғаны дұрыс», – деді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy