Депутат ЖТСМ-ді базалық мөлшерлемеге сүйене отырып есептеуді ұсынды

dep.jpg

Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын таныстыру барысында Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар кредиттер мен депозиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) есептеу тәртібін көтерді. Ол бұл көрсеткішті ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесіне негіздеп есептеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Депутат бір жыл бұрынғы шекті мөлшерлеме бекітілген жағдайды еске салды. Қазір ЖТСМ-ге кредиттің негізгі пайыздық төлемдерімен қатар оған байланысты барлық комиссиялар кіреді: қарызды қарау мен мақұлдау, қолма-қол ақша шешу, кепілдікті бағалау, қарызды сақтандыру, несие шотын жүргізу, шартты өзгерту және тағы басқалары.

– ЖТСМ-ді базалық мөлшерлемеге сүйене отырып есептеу тетігін қарастыруға дайынсыздар ма? Банктің маржасына шектеу қойсақ, бәлкім, халықтың несие жүктемесі жеңілдер еді, - деді Ислам Сұңқар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова ЖТСМ қалыптастыру механизмін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш төрт фактордан тұрады.

– Яғни ол базалық мөлшерлемені, экономикалық ақшаның құнын, банктің операциялық шығындарын, маржасын және қарыз алушылардың кредиттік тәуекелін қамтиды. Бұл мөлшерлеме банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін бірыңғай белгіленген, – деп нақтылады агенттік басшысы.

Презентациядан кейін заң жобасы жұмыс тобының қарауына және талқылауына жолданды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy