Магистратура мен докторантура: сапа мен тәжірибеге басымдық берілуі тиіс

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының Парламенттік фракциясы еліміздегі ғылыми білім беру жүйесін жаңғырту қажет деп есептейді. Депутаттар магистратура мен докторантураға түсу талаптарын қайта қарауды ұсынды. Бұл бастаманы Мәжілістің жалпы отырысында ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жария етті.

Мәжілісмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін мысалға келтіре отырып, 2023 жылы 1500-ден астам докторанттың тек 38%-ы ғана диссертацияларын сәтті қорғағанын еске салды. Ал олардың жартысына жуығы ғана ғылыми қызметін жалғастырған.

– Қазақстан Халық партиясы фракциясы бұл жағдайға қазіргі талаптардың әсері зор деп есептейді, – деді Магеррамов.

Бүгінде студенттер бакалавриатты бір мамандық бойынша аяқтап, магистратураға мүлде басқа сала бойынша түсе алады.

– Біздің пікірімізше, мұндай үстірт қарау азаматтардың білім сапасына кері әсерін тигізіп, еліміздің интеллектуалдық әлеуетінің төмендеуіне, жалпы ғылым саласының әлсіреуіне алып келеді, – деді депутат.

Парламент депутаттары магистратураға түсу тәртібі мен талаптарын түбегейлі қайта қарауды ұсынады. Атап айтқанда, магистратураға түсу үшін негізгі талап ретінде тиісті бейінді жоғары білімінің болуын енгізу қажет деп есептейді. Сонымен қатар, докторантура жүйесіне де реформа қажет. Бүгінде докторантураға түсу үшін небәрі 9 ай еңбек өтілі, соңғы үш жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (болған жағдайда), зерттеу жоспары мен эссе жеткілікті.

Халық партиясы фракциясы талаптарды тек сандық көрсеткіштерге емес, сапалық өлшемдерге негіздеу керек деп санайды.

– Қазіргі талаптар салдарынан кәсіби, өмірлік және ғылыми тәжірибесі жеткіліксіз, бірақ ғылым докторы дәрежесін алғандар көбейіп кетті, – деді Магеррамов.

Партия өкілдері докторантураға қабылдау талаптарын қайта қарап, негізгі басымдықты ғылыми-зерттеу жұмысына беру, үміткерлердің ғылыми жарияланымдарына сапалық және сандық талаптар қою, сондай-ақ магистратураны бітіргеннен кейін докторантураға түсуге кемінде бес жылдық үзіліс енгізуді ұсынады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy