МӘМС жүйесіндегі олқылық

dep.jpg

Қант диабетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) тізімінен алып тастап, оны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне көшіру науқастар үшін қиындық тудыруы мүмкін. Бұл әсіресе инсулинге тәуелді, яғни 1-типті қант диабетімен (ҚД-1) ауыратын азаматтарға қатты әсер етеді.

Жуырда Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Қазақстанда инсулинге тәуелді науқастардың барлығы мүгедектікке ие екенін және автоматты түрде мемлекет тарапынан МӘМС жарнасы төленетін санатқа кіретінін айтқан болатын. Алайда «Диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының директоры Руслан Зәкиев бұл мәлімет шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, 1-типті қант диабетімен ауыратын ересек азаматтардың тек 48 пайызы ғана мүгедектік мәртебесіне ие.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің анықтамасына сүйенсек, электронды тіркеу-диспансерлік база (ЭТДБ) мәліметтері бойынша 2025 жылы Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 535 033 науқас тіркелген. Оның ішінде 30 577 адам – 1-типті диабетпен ауырады, олардың 5 625-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Ал Руслан Зәкиев ұсынған деректер өзгеше: 2025 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 32 040 адам СД-1 диагнозымен тіркелген, олардың 29 553-і МӘМС жүйесінде бар.

– Балаларды есепке алмай-ақ қояйын, себебі олар МӘМС жүйесіне автоматты түрде кіреді. Сонда МӘМС жүйесінде 1-типті диабетпен ауыратын ересектердің 92 пайызы ғана қамтылған. Шенеуніктер бар болғаны 2,5 мың адамға «қателескен». Бірақ бұл – статистикалық қателік емес, тағдыры таразыға түскен тірі адамдар, - дейді қоғам белсендісі.

Осыдан-ақ үрейлі қорытынды шығаруға болады. Өмірі тікелей инсулинге тәуелді 2,5 мың адамның екі аптадан кейін өміріне қауіп төнуі мүмкін. Себебі диабетпен ауыратын адам инсулинсіз ең көбі екі-үш күн ғана өмір сүре алады. Қазақстан Халық партиясы бұған дейін де қант диабетімен ауыратын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін бірнеше рет көтерген. ҚХП-ның парламенттік фракциясы бұл тақырыпта арнайы дөңгелек үстел өткізіп, онда науқастар да, дәрігерлер де, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де өз пікірін білдірген болатын.

– Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 1-типті қант диабетімен өмір сүріп жатқан адамдардың тағдыр тәлкегіне ұшырауына жол бермеуі тиіс, – деп пікір білдірді ҚХП депутаты Ирина Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy