
Үш жыл бұрын ел Конституциясына маңызды өзгерістер енгізілген еді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда айтты.
Президенттің айтуынша, 2022 жылғы реформа республика тарихындағы ең ауқымды әрі мазмұнды өзгерістердің бірі болып, саяси жаңғыруға қуатты серпін берді.
– Әділетті Қазақстанды құру ісін тоқтату мүмкін емес. Өткенге қайта оралуға жол бермейтін ең алдымен – еліміздің жастары. Білімді, жаңа дәуір талабына сай ұрпақ болашаққа ұмтылып, Қазақстанды өркениетті ел ретінде көргісі келеді, – деді Тоқаев.
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі, «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар да Мемлекет басшысының пікірін қолдады.
– 2022 жылғы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған өзгерістер қазақстандықтарға шешім қабылдау үдерісіне кеңінен қатысуға жол ашты, – деді ол.
Әкімдерді сайлау тетігі, жастарға, әйелдерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған парламенттік квоталар, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық бақылау тетіктерін енгізу, Конституциялық соттың құрылуы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін заң жүзінде бекіту – мұның бәрі конституциялық реформаның жемісі.
– Өзім де жас азамат ретінде көптеген жастың өкілі ретінде заң шығару ісіне қатысып, халықтың маңызды мәселелерін Мәжіліс мінберінен көтеруге мүмкіндік алдым Дәл сол сияқты мыңдаған азамат бүгінде елдің дамуына өз үлесін қосып жатыр, – деді Ислам Сұңқар.
@halyk_partiyasy