Студенттердің есірткі таратуына тосқауыл қою керек

dep.jpg Қазақстан Халық партиясы кезекті рет жастардың мәселеcін көтерді. ҚХП депутаттары жаңа ұрпаққа коммуникативтік дағдыларды табысты дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға мүмкіндік беретін студенттік өзін-өзі басқарудың нақты қолданыстағы жүйесін қалыптастыруды ұсынды.

Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар атап өткендей, жалдамалы тұрғын үй ақысы мен шәкіртақының қазіргі көлемін ескере отырып, студенттер жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл олардың оқу сапасына кері әсер етеді және көпшілігін қылмысқа итермелейді.

– Студенттердің бір бөлігі оңай табыс табу үшін синтетикалық есірткі таратумен айналысады, – деп түсіндірді мәжілісмен.

Прокуратураның ақпараты бойынша, соңғы 2 жылда синтетикалық есірткі таратушылар саны 3 есе көбейді. ҚХП бұл жағдайға жастар арасында түсіндіру жұмысының дұрыс жүргізілмейтіні себеп болып отыр.

– Есірткінің зияны туралы айту жеткіліксіз, – деп атап өтті И.Сұңқар. –Жастардың жеңіл, бірақ қылмыстық жолмен ақша табуға деген ұмтылысын едәуір төмендететін құқықтық құралдар ғана емес, сонымен бірге білім беру мен тәрбие шаралары қажет.

Депутат студенттік өзін-өзі басқаруды дамытудың бірыңғай мемлекеттік тұжырымдамасы мен кешенді жоспарын түзіп, студенттік ұйымдардың ұлттық ғылыми орталығын құруды ұсынады. Оның сөзінше, студенттердің қаржылық мәселесін шешу үшін колледждер мен жоғары оқу орындары студенттерінің міндетті кәсіптік тәжірибесін ақылы негізде ұйымдастыру қажет.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy