Қазақ ұлттық Өнер университеті (ҚазҰӨУ) өз абыройын тағы да айрандай төгіп алды. Оқу ордасының студенттері су аққан шатырдың астында емтихан тапсырған...
Төбедегі тесік пен сол тесіктен аққан судың бейнесін емтихан алушылардың бірі, әнші Қайрат Баекенов түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген.
«... Қазақ Ұлттық өнер университетінде мемлекеттік емтиханды шатырдан аққан тамшылардың дыбысына қосылып тапсырады», - деді Баекенов.
ЖОО баспасөз қызметі ҚазҰӨУ ғимаратына күрделі жөндеу жүріп жатқанын, ал студенттер бұрынғы бес жұлдызды «Рамада Плаза» қонақ үйінде уақытша оқуға мәжбүр екенін хабарлады.
«Бірнеше жылдан бері бос тұрған ғимараттың техникалық жағдайы жарамды», - деп атап өтті олар. - Алайда оның кейбір кемшіліктері бар, сол себепті үш күн бойы толассыз жауған жаңбырдан ғимарат шатырының кей тұстарынан су өтіп кеткен. ҚазҰӨУ әкімшілігі университеттің негізгі ғимаратын қайта жаңартуға байланысты туындаған уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды».
Бар мәселе мұндағы қолайсыздықтардың уақытша емес екендігінде. Қазақстан Халық партиясы бұған дейін аталған ЖОО-да санитарлық-гигиеналық заң бұзушылықтар туралы мәлімдеген болатын. Асханалардағы антисанитария мен қымбатшылық, лифттер жұмыс істемей, студенттерді ауыр құралдарды баспалдақпен алып жүруге мәжбүрлеу, аудиториялардағы ылғалдылық, оқу кабинеттерінің жетіспеушілігі, жұмыс істемейтін дәретханалар мен ескі қабырғалар секілді түйінді мәселелер анықталған болатын. Осы аталғандармен оқу ордасындағы барлық проблема бітіп те қалмайды.
ҚХП парламенттік фракциясының депутаттық сауалынан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ Қаржы министрлігіне ҚазҰӨУ-ді қаржыландыруға талдау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, ол 2023 жылы Университетке білім беру тапсырысы аясында 7,1 млрд теңге бөлінгенін, ал республикалық бюджетті нақтылау кезінде тағы 10,8 млн теңге қосымша қаржы қаралғанын хабарлады.