Кенжеғұл Сейітжан: Оқытуды тәжірибеге негіздеу қажет

dep.jpg

Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан педагогтар мен мектеп психологтарының даярлығы мен біліктілігін арттыру жүйесіндегі олқылықтарды атап өтті. Оның пікірінше, бұл жұмыс формалды түрде жүргізіліп, балалар арасындағы буллинг пен суицидтің алдын алуда нақты нәтиже бермей отыр.

Мәжілісмен мамандардың зерттеулеріне сүйене отырып, балалардың өз-өзіне қол жұмсауына жалғыздық, ата-ана және туыстарымен немесе қатарластарымен күрделі қарым-қатынас, физикалық не психоэмоционалдық зорлық-зомбылық, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі буллинг басты себеп болатынын айтты.

– Қауіп тобында көбіне құрдастарынан бірқатар себеп бойынша «өзгеше» көрінетін жасөспірімдер болады. Яғни қосымша назарды қажет ететін, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, – деп атап өтті Сейтжан.

Оның айтуынша, жыл сайын педагог кадрларды даярлауға және қайта даярлауға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенімен, нәтиже мардымсыз. Бұған «Just Support» қоры жүргізген мониторинг дәлел: «Өрлеу» орталығының біліктілікті арттыру курстары мұғалімдер мен психологтарға қажетті практикалық білім мен әдісті бермейді, оқыту формалды сипатта өтеді, ал мектеп психологтары шамадан тыс жүктемеге тап болып, оқушылармен жеке жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ.

ҚХП фракциясы оқытуды тәжірибеге бағыттауды ұсынып отыр. Яғни лекциялық курстардан «жұмыс орнында үйрену» моделіне көшіп, олардың тиімділігін шынайы нәтиже арқылы бағалау қажет.

– Бұл – тренингтер, супервизия, кейстерді талдау, табысты тәжірибесі бар мектептерде тағылымдамадан өту. Мұғалім мен психолог супервизор жетекшілігімен нақты оқушыға арналған жеке білім беру маршрутын (ЖБМ) немесе сүйемелдеу бағдарламасын жасап шығуы тиіс, – деп түсіндірді Сейтжан.

Сонымен қатар, депутаттар мұғалімдер мен мектеп психологтарына арналған супервизиялық тәлімгерлік жүйесін енгізуді, ерекше баланы «мектеп – ПМПК – медицина және әлеуметтік қызметтер – ҮЕҰ» тізбегі бойынша ведомствоаралық сүйемелдеуді, сондай-ақ дамуында ерекшелігі бар балалар оқитын мектептердің қаржыландыру жүйесін өзгертуді ұсынды. Мектеп мұндай оқушыларды «ұжымның көрсеткішін төмендетпес үшін» сыртқа ығыстырмай, керісінше олардың оқуына жағдай жасауы тиіс.

– Бұл мәселе Қазақстандағы балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, депутаттық сауалымызға барынша назар аударуды сұраймыз, – деп қорытындылады Кенжеғұл Сейтжан.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy