Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева әріптестерімен бірге Ақмола облысында болып, өңірдегі су тасқыны жағдайымен және апатқа қарсы іс-қимыл шараларымен танысты.
Облыстағы жағдай қазір күрделі. Атбасар қаласының маңындағы ТЖД мәліметінше, Жабай өзенінің деңгейі шекті белгіден асып, алты учаскеде жер үйіндісі арқылы су құйылды. «Көкшетау-Атбасар» республикалық күре жолында қозғалыс шектелді.
Қазір су мотопомпалардың көмегімен сорылып жатыр. Құтқару жүмыстарына 400-ден астам адам және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің 100 бірлік техникасы жұмылдырылды.
– Барлық хабарлау жүйелері дереу іске қосылды, - деп хабарлады ТЖД. - Азаматтарды эвакуациялау, сондай-ақ объектілер мен тұрғын үйлерді су басудан қорғау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов халыққа үндеу жасады. Ол көпшілікті дүрлікпеуге шақырды.
– Су тасқыны қаупі бар аймақтардың тұрғындарына үйлерін уақытша тастап кету қажет, - деп хабарлады ол. - Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қалада эвакуациялау пункттері ұйымдастырылды. Зардап шеккендердің барлық шығындары өтеледі.
Жалпы, ТЖМ мәліметінше, Ақмола облысында Қосшы, Жарқайың, Есіл, Целиноград, Шортанды, Ақкөл, Астрахан, Атбасар және Біржан сал аудандарындағы су басқан аумақтардан еріген қар суын бұру жұмыстары жалғасуда.
Мәжіліс депутаттары су тасқынының жағдайымен танысып, су қоймасы бойындағы қорғаныс құрылыстары мен эвакуациялық пункттерді аралап көрді, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.