Сәбилерді әлемді көру мүмкіндігінен айырмайық – Кенжеғұл Сейтжан

dep.jpg

Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл, ҚХП фракциясының мүшесі Кенжеғұл Сейтжан Денсаулық сақтау министрлігін шала туған балалар арасындағы соқырлықтың алдын алу шараларын күшейтуге шақырды. Ол бұл бағытта жүйелі қаржыландыру мен неонаталдық офтальмологиялық скринингті республика көлемінде енгізу қажеттігін айтты.

Өзі көзі нашар көретін азамат ретінде депутат бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазір шала туған нәрестелердің небәрі 60 пайызы ғана офтальмологиялық тексеруден өтеді.

– Демек, қауіп тобына кіретін әр екінші сәби дер кезінде тексерілмей қалады. Соның салдарынан шала туған балалардың көз ауруы – ретинопатия дер кезінде анықталмай, емделмей, соқырлыққа алып келеді, - деп атап өтті депутат-омбудсмен.

Депутаттың сөзінше, мұндай жағдайлардың көбеюіне Денсаулық сақтау министрлігінің шығындар сметасында неонаталдық офтальмологиялық скринингке арналған жеке қаржының қарастырылмауы себеп болып отыр. Қазір бұл қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі бөлек тарифке кірмейді.

– Медициналық ұйымдар шала туған балалардың көзін тексергені үшін өтемақы алмайды, сондықтан бұл қызмет жүйеде ескерілмейді әрі экономикалық тұрғыдан «көлеңкеде» қалып отыр. Соның салдарынан офтальмологиялық скрининг тұрақты түрде жүргізілмейді, - деді Кенжеғұл Сейтжан.

Оның айтуынша, ретинопатияның алдын алу тиімділігі ғылыми түрде дәлелденген: егер ауру ерте анықталып, уақтылы емделсе, сәбилердің 98 пайызы ауыр сатыға өтпей-ақ жазылып кетеді. Скринингке бөлінетін қаржы (шамамен 140 млн теңге) мемлекет үшін ұзақ мерзімге үнем болмақ, себебі көру қабілетінен айырылған балаларға төленетін әлеуметтік жәрдемақылар көлемі едәуір азаяды.

– 2025 жылы көру қабілетінен айырылған балаларға төленген тікелей мемлекеттік төлемдер 3,67 млрд теңгеден асты, ал жалпы экономикалық шығын 6,3 млрд теңгеден көп болды. Яғни министрлік скринингке аз қаражат үнемдеп, нәтижесінде бюджеттен миллиардтар жоғалтып отыр, - деді Кенжеғұл Сейтжан.

ҚХП фракциясы Денсаулық сақтау министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, шала туған балаларға арналған офтальмологиялық скрининг жүйесінің қазіргі жағдайына кешенді талдау жүргізуді ұсынды. Талдау барысында скринингтің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ оның алдын алу және экономикалық тиімділігі бағалануы тиіс.

Сонымен қатар депутаттар «Шала туған балалардың ретинопатиясына қарсы офтальмологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған жол картасына» жеке тариф енгізу және оны республикалық бюджет шығындарын қалыптастыру кезінде қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру шараларын қосуды ұсынды.

– Шала туған сәбилерді әлемді өз көзімен көру мүмкіндігінен айырмайық, – деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy