Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов, бірінші кезекте жемқорлар өз пайдасына қолдана алатын заңнамалық олқылықтарды жою қажет деп есептейді.
Сәрсенбі күні болған жалпы отырыста мәжілісмен жаңа заңнаманың негізгі мақсаты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру екенін атап өтті. Бірақ қолданыстағы заңнаманы ескерсек, бұл оңай жұмыс емес.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 247 және 366-баптарында сыйақының мөлшері 2-5 АЕК-тен аспайтын болса, мөлшері аз болуына байланысты қылмыс болып табылмайтыны туралы ескертпелер бар. Азаматтар, мемлекеттік органның қызметкерлері онысыз да жұмысы үшін сыйақы алады. Яғни, сыбайлас жемқорлықтың болуына өзіміз мүмкіндік береміз, - деді депутат.
Сонымен қатар, Магеррамов сыбайлас жемқорлыққа заңнамалық актілердегі нақтыланбаған нормалар да себеп болатынын атап өтті.
«Бірақ «заңнамалық актілер» ұғымы кең мағынаға ие. Бұл заңдар, бұл үкіметтің қаулылары, бұл министрлердің бұйрықтары. Аудит жүргізіп, осы көптеген анықтамалық нормаларды қайта қарайтын уақыты келді деп ойламайсыздар ма?», - деп атап өтті депутат.
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова бұл ұсынысты қолдады.
«Бұл мәселе біздің заңнамада бары рас. Заң шығару қызметі барысында және бізге келіп түсетін жобаларды сараптау кезінде біз осыған назар аударамыз. Пікірлеріңіз ескерілді, біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», - деді вице-министр.