Қазақстан Халық партиясы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждер мен еңбек ұжымдарына бару, акциялар, кездесулер өткізіп, алғыс хаттар табыстау шараларын жалғастыруда. Партияның басты міндеттерінің бірі – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру.
Ұлытау облысындағы ҚХП филиалының өкілдері Жезқазған гуманитарлық колледжінің оқытушылары және студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында филиал төрағасының орынбасары Құсайын Жанаев партияның бағдарламасын таныстырып, жастарды патриоттық тәрбиелеу де партияның азаматтық парызы екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ұлытаулық партия мүшелері Жезқазған қаласындағы «Тау-кен металлургиялық колледж» КММ-не барып, «Еңбек адамы – ел тірегі» атты іс-шара өткізді. Оған Жезқазған мыс балқыту зауытының металлургі, III дәрежелі «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Нұрлан Күренбаев құрметті қонақ ретінде қатысты. Ол түсті металлургия факультетінің 1-курс студенттерімен кездесіп, олармен әңгімелесті.
Тау-кен металлургиялық колледжі 1955 жылы ашылған және бүгінге дейін Ұлытау-Жезқазған өңірінің қажеттілігі үшін 8 мамандық бойынша кәсіби мамандар даярлап келеді. Қазіргі таңда мұнда 281 студент білім алуда, оның 117-сі биыл оқуын аяқтайды.
– Кездесу өте қызықты өтті. Оқушылар мамандықтың қыр-сырын түсініп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды, – деді партиялықтар.