Қызылтастағы тастағы жазуларды қирату тоқтатылды. Қала әкімдігі, учаске иесі, эковолонтерлер мен мәдениет қорғаушылары аталған мәселені шешуде консенсус тапты. Бұған дейін Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы тарихи ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтау мәселесін көтерген болатын.
Әр тараптың өкілдері жиналып «Талдықорған маңындағы тарихи петроглифтердің жағдайы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков билік пен қоғам қайраткерлері «Темірбетон» ЖШС-нің меншік иесімен қазба өндіру жұмысын басқа аумаққа ауыстыру туралы келіскенін хабарлады. Белгілі болғандай, қазір учаскенің иесі барлық жұмыстарды тоқтатқан, ал облыстық бюджет Қызылтас шатқалында петроглифтерді паспорттауға қаражат бөлген. Болашақта мұнда этнопарк немесе этноауыл құру жоспарланып отыр.
Осыдан сәл бұрын ҚХП фракциясының парламентшілері петроглифтерді жаппай жойылып кетуден қорғау мәселесіне белсене кіріскен болатын.
– Петроглифтер - бұл аспан астындағы ғажайып тас кітаптар, өткеннің мұрағаттары! - деп мәлімдеді депутат Ирина Смирнова. - Олар Ежелгі Мысыр папирустарынан немесе шумер клинописі бар саздан жасалған тақтайшалардан кем емес! Жартастағы кескіндемелер - біздің тарихи мұрамыз! Бұл керемет дүниелерді қазіргі қазақстандықтарды, әсіресе жастарды тәрбиелеуде, сондай-ақ туризмді дамытуда пайдалануға болады және солай жасау қажет.
Мәжіліс депутаты Талдықорғанға бірнеше рет барып, сол жердегі көңіл құлазытар жағдаймен жақсы танысқан болатын. Елдің рухани мұрасы болып табылатын ғажайып тастарды пайда көздеген кәсіпкерлер қиратып, құрылысқа арналған қиыршық тасқа айналдырып жатты, ал ежелгі қорғандар қазылып, бұзылып кетті.
– Қазір дұрыс шешім қабылданды, - деп атап өтті қазіргі сәтте Ирина Смирнова. - Ең алдымен ескерткішті сақтау мәселесін қоғам қайраткерлері, үлкен жүректі адамдар көтерді. Олар тасты қиратып, сатып, пайда көздегеннен де құнды дүниелер бар екенін еске салды. Екіншісі - ғылыми еріктілерді қолдайтындар атсалысты. Содан кейін біз мемлекеттік органдар мен меншік иесінің түсіністікке келіп, мәселенің оң шешілгенін көрдік. Бұл осы жағдайға қатысы бар барша адамның жеңісі!