Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Владимировна Смирнова AIRAN YouTube-арнасына балаларды мектептерде тамақтандыру мәселелері бойынша сұхбат берді.
Талқылау тақырыбы Зеренді ауылындағы мектептің бұрынғы аспазының бейнеге түсірген таң қаларлық оқиғасы болды. Аспаз асхана қызметкерлерінің бірінші ауысымдағы тамақ қалдықтарын үстелден қалай жинап алып, содан кейін екінші ауысымдағы балаларға беріп отырғанын әңгімелейді. Алайда, көптеген тексерушілер мектеп асханасынан заң бұзушылықтарды тапқан жоқ.
– Жалпы елімізді ауқымды жемқорлық жайлаған, - деді Ирина Смирнова. – Бұл жемқор жүйеден мектептер де тыс қала алмайды ғой.
Қазір мектептердегі балаларды тамақтандыру жеке кәсіпкерлік нысандарына берілген, сондықтан қызмет көрсету сапасы көбінесе кәсіпкердің ар-ожданына байланысты. Біреулер оқушыларды дүрыс тамақтандыруға адалдықпен мән берсе, енді біреулер бұл жағдайды тиімді пайдаланып, қандай жолмен болсын, тіпті, қылмыстық тәсілдермен ақша жасауды ойлайды. Бірнеше жыл бұрын мәжілісмендер осы нарықтағы жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, тіпті жағдайды жақсартуға қол жеткізген болатын.
– Жалпы алғанда, әрбір адам өзіне сеніп тапсырылған учаскеде жауапты екенін түсіну керек, - деп атап өтті Ирина Смирнова. - Егер мектеп директоры оқушыларға сапасыз тамақ беріп жатқанын байқаса, ол балалардың өмірі мен денсаулығына жауапты адам ретінде тиісті шара қабылдауы тиіс. Әрбір мектепте қамқоршылық кеңес бар және қамқоршылық кеңес мүшелері де осы мәселені шешуде неғұрлым белсенді және принципшіл болуы тиіс.
Қызмет көрсетушілермен кез келген шартты бұзу мектеп директорларының өкілеттігіне кіреді. Балаларды тамақтандыруға жауапты кәсіпкерлер бұл туралы есте сақтауы керек.
– Егер асханаларды жалға алушылар өз міндеттерін дүрыс орындамаған жағдайда жұмыс орнын жоғалтуы мүмкін екенін терең сезінетін болса, онда олар өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын еді, - деп түйіндеді Ирина Смирнова.