Қазақстан Халық партиясы өзінің 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды аяқтауда. «Дара тұлға» акциясы аясында ҚХП Қызылорда облыстық филиалы Жас журналистер одағымен бірлесіп қоғам қайраткері, өлкетанушы, тарихшы және белгілі жазушы Сағат Жүсіптің 80 жылдығына орай шығармашылық конференция ұйымдастырды.
Конференцияға Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ыбыраев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, география ғылымдарының кандидаты Қали Омаров және тарих ғылымдарының кандидаты Атжан Оразбақов, сондай-ақ магистр Бақытжан Ахметбек және Жас журналистер одағының басшысы Самат Баймаханов құрметті қонақ ретінде қатысты.
Жиынға қатысушылар 1920-1930 жылдардағы тарихи кезең мен Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін жайлы Сағат Жүсіп жүргізген зерттеулерді талқылады. Конференцияда баяндамалар оқылып, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың қазақ даласындағы жаппай ашаршылық туралы даулы пікірлері талқыланды, арнайы қоныс аударушыларға арналған Арал эксперименттік лагерінің құрылу тарихынан және 1930 жылы болған Сырдария сарбаздарының көтерілісінен деректер келтірілді.
Шара соңында мерейтой иесіне ҚХП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қайрат Ерназаровтың құттықтау хаты табыс етілді.