ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы су басқан Қызылжар ауданы мен Петропавл маңын тікұшақпен аралап шықты, сондай-ақ суға толы Сергеев су қоймасын әуеден қарап шықты.
Облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов хабарлағандай, ТЖ режимі қазір алты ауданда жарияланды. Бүгінгі таңда 2000-нан астам тұрғын үйді су басып, 10 345 азамат қауіпсіз жерге көшірілді. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 5000-нан астам адам және 906 бірлік техника жұмылдырылды. Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Табиғи апаттың салдарынан зардап шеккендерге материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия құрылды.
– Су тасқынынан зардап шеккен, меншігінде тұрғын үйі бар барлық тұрғындар бір реттік төлем алады, - деп хабарлады әкімдік. - Азаматтар бұл қаражатты тамақ өнімдерін, бірінші кезектегі қажетті тауарларды сатып алуға, тұрғын үйді жалға алуға пайдалана алады.
Алапат су тасқынынан Қазақстан өңірлері қарғын судың астында қалды. Мұндай табиғи апатпен бүкіл әлем күреседі. Қазақстан Халық партиясының аймақтық филиалдары да қиын кезеңде сырт қалмай, зардап шеккен аудандарда жұмыс істеуде.
ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы бірнеше рет өз белсенділерін қаланың шағын аудандарындағы бөгеттерді нығайтуға жіберді. Олар өздерімен бірге материалдарды, жұмыс қолғаптарын, сондай-ақ құтқарушылар мен волонтерлер үшін азық-түлік әкелді. Сонымен қатар, партиялықтар жергілікті тұрғындарды эвакуациялауға көмектесіп, Петропавл қаласының эвакуациялық пунктіне гуманитарлық көмек көрсетті.
ҚХП Ақмола облыстық филиалы Қосшы қаласында ТЖМ қызметкерлері мен еріктілер үшін ыстық тамақ ұйымдастырды, Красный Яр және Көкшетау ауылдарының тұрғындарына азық-түлік жиынтықтарын жеткізді, жергілікті Бейімделу орталығы үшін 20 төсек-орын жиынтығын сатып алды, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін еріктілерді жинап, су басқан жерлерге құм толтырылған қаптар жеткізді.
Ақтөбе облыстық филиалының мүшелері қаражат жинап, азық-түлік сатып алып, «Анаға тағзым» гуманитарлық көмек орталығына жіберді. Олар Орталыққа келіп түскен заттарды сұрыптауға және буып-түюге қатысты. Бұдан басқа, ҚХП белсенділері созылмалы аурулардан зардап шегетін ақтөбеліктерге дәрі-дәрмек пен тамақ сатып алды.
– Біздің штабқа белгілі әнші Димаш Құдайберген келіп, біздің белсенділердің азаматтық ұстанымына алғысын білдірді,- деп хабарлады партия мүшелері.
Атырау қаласында қазір гидротехникалық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. ҚХП өкілдері тұрғындармен бірге қорғаныс құрылыстарын салуда. Сондай-ақ, партияның жергілікті филиалы Жылыой ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек ұйымдастырып, азық-түлік пен гигиеналық құралдар жеткізілді. Сондай-ақ, партия мүшелері су басқан шағын аудандарға материалдар мен құрал-саймандарды сатып алып, құтқарушылар мен еріктілерге тамақ ұйымдастырды.
ҚХП Қостанай облыстық филиалы аймақты қамтыған табиғи апатқа алғашқылардың бірі болып жауап берді. Арқалықтағы партия белсенділері әкімдік өкілдерімен бірлесіп, еріген қар суын сору, су бұру орларын қазу және су өткізу құбырларын орнату бойынша авариялық-құтқару жұмыстарына қатысты. ҚХП жергілікті филиалы тек адамдарға ғана емес, үй жануарларына да көмектесетін гуманитарлық көмек жинау пунктін ашты. Партиялықтар зоологиялық баспанаға уақытша орналастырылған үй жануарларын азықтандыруға арналған азық пен тостағандарды сатып алды.
Басқа өңірлердегі ҚХП өкілдері де гуманитарлық көмек пен зардап шеккендердің пайдасына қаражат жинап, азық-түлік пен инертті материалдарды сатып алуда.