Қазақстан Халық партиясы «Таза Отан» экологиялық акциясын жалғастыруда. Партияның республиканың түрлі өңірлеріндегі филиалдары саябақтар мен гүлзарларды көгалдандырып, рекреациялық аймақтарды абаттандырып, қоқыстан тазартуда.
ҚХП Алматы қалалық филиалы «Алматы біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқанына атсалысып, бірден бірнеше іс-шара өткізді. Ең маңыздыларының бірі Әлімжанов - Қонаев - Төлебаев - Мақатаев көшелерінің аумағында өткізілген ауқымды экосенбілік болды. Оған филиал қызметкерлері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ партияның жастар және әйелдер қанатының өкілдері белсене қатысты. Ұйымдастырушылар атап өткендей, шараның мақсаты - оңтүстік мегаполис тұрғындарына экологиялық мәдениетті насихаттау мен тәрбиелеу және Алматының туристік тартымды имиджін қалыптастыру.
ҚХП Павлодар облыстық филиалының белсенділері «Ардагерлер үйі» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағында сенбілік өткізді. Мұнда зейнеткерлік жастағы азаматтар медициналық-сауықтыру процедураларын алады. Партия мүшелері осы әлеуметтік мекемемен бұрыннан тығыз байланыста. Бұған дейін, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, олар Орталықта қарт адамдарға арналған бірқатар ақпараттық дәрістер өткізіп, қарт азаматтарды интернет-алаяқтардың әрекеттерінен сақтандырған болатын.
ҚХП Ақмола облыстық филиалы экологиялық акция аясында Көкшетау қаласының № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне ерекше сыйлық жасады. Партиялықтар өрт сөндіру бөлімінің аумағында шырша мен қарағай көшеттерін отырғызды.
– Біздің экологиялық бастамамыз ауаның ластануына қарсы күреске ғана емес, қолайлы жасыл аймақ құруға да бағытталған, - деп атап өтті филиал төрағасының міндетін атқарушы Арман Тастамбеков. – Аумақтарды көгалдандыру арқылы жұмысы ауыр, әрі тәуекелдерге толы қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасалады. Жасыл аймақ олардың демалуына және күш-қайратын қалпына келтіруге септігін тигізеді.
«Таза Өлке» акциясы аясында Қазақстан Халық партиясы еліміздің барлық өңірлерінде экологиялық іс-шаралар өткізеді.